Өтен батыр үні
Еске алып ерлік даңқын мәңгі тозбас,
Бабасын қадірлеген ұрпақ азбас.
Кел балам ерлігімнен сыр шертейін,
Жаныңа қуат беріп болсын жолдас.
Кең Жылой-мәңгі солмас көктемдерім,
Өзінде тәй-тәй басып еркеледім.
Қырандай қанат қағып құшағынан,
Еркіндік теңдік жырын ерте білдім.
Қастерлеп ата-жұрттың қасиетін,
Ту қылып бабалардың өсиетін.
Күресіп азаттықтың ақ жолында,
Тағдырдың тартым талай қасіретін.
Көнбедім отаршылдық зомбылыққа,
Бел байлап он жетіде сан жорықта.
Бүйректе ел жылатқан түрікпендерді,
Алғанмын ерлігіммен қан құрыққа.
Халқыма түнек салған күңірентіп,
Ресей патшасында құнып кетіп.
Айқасып Жамансайдың шайқасында,
Сүйредім генералын дірілдетіп.
Қалдырып кейінгіге ер белгісін,
Алысып Отан үшін, жерім үшін,
Өтірік,өсек, ұрлық шайтан іске,
Жол бермей, тату қылдым елдің ішін!
Жігіттің кеудесінде оты барын,
Жаныма әскер қылып жиып бәрін.
Азаттық аңсауменен жауға шаптық,
Туымен Есетұлы Көтібардың!
Елім-деп, залым жаумен кескілесіп,
Сан жолды тәуекелмен кесіп өттік.
Мұз жастап, таңды атырып кірпік ілмей,
Есеттей алып ерді көріп өстік.
Ол өзі батыр еді жаны асқақ,
Киелі Қырық жолмен қолды бастап.
Далама ентелеген басқыншыны,
Састырып қан жұтқызған серпіп тастап.
Атса да залым дұшпан зеңбірікпен,
Алдында басын иіп дір етпеген.
Халқымның өзі құйған шойын еді,
Атса оқ, шапса қылыш бір өтпеген.
Сол батыр жиен еді Мұңалдарға,
Адаймен ойнайтұғын теңеп нарға.
Дүние-ай ұшқан бақыт қайта қонбас,
Сол ерлер енді қайтып ораларма?
Ойға алсам айтшы қалай налымайын,
Кешегі Төремұрат,Нарымбайым.
Қоныспай,Сарман менен Таған батыр,
Ер еді-ау, ел дегенде жаңылмайтын.
Өтті ғой дүниден небір сабаз,
Ерлігін ақын балам жырыңмен жаз.
Ұмытпа Самай деген сатқын болған,
Ұрпағың жамандықпен болсын араз.
Халқымның кірбің салып көңіліне,
Кәпірдің айналған соң көлігіне.
Ер жүрек Күнжарықпен тізе қосып,
Екеулеп найза салдық жүрегіне,
Өз елін лаңға салып сор әкелген,
Ездердің екі жүзді керегі не?
Сыр айтсам мен өзіңе ақтарыла,
Батты ол күнәның мол батпағына,
Сүйегін туған жерде қабылдамай,
Шошындық ит-құс талап жатқанында.
Жыландай жылжып үнсіз кіріп ішке,
Жау келді оны жоқтап бекініске.
Күтпей-ақ батырларды кейін қалған,
Атойлап жалғыз шаптып сеніп күшке.
Аттарын жинап алып қашқындардың,
Ауылға бет алғанда жас ұланым.
Сыртымнан жасырынып оқ атқаны,
Күшігі қанға құмар қасқырлардың.
Өлерме сірә сауыт киген кісі,
Қайтейін айтпай толмас өкінішті.
Жаныма ажал болып оқ тиген күн,
Сүмбіле жұлдызының он екісі!
Алыстым қас жауыммен дем біткенше,
Жібермей қызыл қала бекініске.
Бар балам,мәңгі өлмейтін жеңістерім,
Бар балам өзекті өртер жеңілісте.
Бітпейді озар елдің ой арманы,
Бітпейді тозар елдің дау жанжалы.
Айтарым елдікпенен бірлік ізде,
Халқыңның сонда ырыс бақ қорғаны.
Қадірлеп әр сәтіңді, әр күніңді,
Жолыңа шырақ қылып күн- білімді.
Имандық туын ұстап баға жетпес,
Тірлікте қадірлеңдер бір-біріңді.
Нұр жауар талаптыға көп ізденген,
Көз алма бабаң өткен іздерінен.
Осында тарихыңның бал бұлағы,
Туған жер тамырынан үзілмеген.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі