Бесік қалған

Бұл бетте «Бесік қалған» атты Светқали Нұржан жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.

  • 17.06.2019
  • 0
  • 0
  • 1732
Баллада

"Тәңірден, деп, бұйырса, таңғы несіп",
Шыға келдік бір белге әңгіме есіп.
Ауыл көшіп кетіпті. Жұртында тек,
Қызыл сырлы қалыпты сәнді бесік.
Топ басшымыз бөгелді шалт бұрылып,
Бәріміз де үйірілдік қалт кідіріп.
Әлденеге күйзеліп күбірлеп тұр,
Ортадағы обадай қарт түңіліп.
Күздің желі бебеулеп бошаласын,
Күбір-күбір... Әлі тұр қосағасым.
"Алып шыққан ел ек қой, қай жұттан да,
Шаңырағын, бесігін, босағасын".
Қабағынан кәрімнің зілді көрдім,
Қара ошақтан оты өшкен күлді көрдім.
Қосақабат қартпенен күрсінеді,
Қақпан белі қайысып піл-күреңнің.
Кіл төбені ықтатып тұр қара шың,
Тозған көзбен шолады қыр-даласын.
... Әлде ұмытып қалдырған, әлде әдейі,
Бәлкім, біреу, баласы тұрмағасын.
Келе алмай тұр қария тобасына,
Асығыстау сөз болар о да, сірә,
Ары кетсе, бесікті қоятын-дұр,
Шетінеген сәбидің моласына.
Қонатын жер табылар төбе болса,
Алмай ма екен аластап көне болса.
Тіле артының қайырын, жақсылықтың,
Нышаны емес, балалар, не де болса.
Бір кездері бөбекке сая бесік,
Бедер көше бастаған, бояуы өшіп.
Еппен ғана бесікті тербетеді,
Жетім желі даланың жаяу есіп.
Шарпығандай үйінің есігін от,
Шал тұр әлі елестер есін іреп.
"Болмаған бір іс екен, - дейді тағы,
бесігі жоқ ауылдың — несібі жоқ".
Сайратқандай шығарып төріне абыз,
Бұл даланың айтады желі де аңыз.
"Бір бесікті соншама жыр қылды!"-деп,
Күліп жүрдік. Баламыз, нені ұғамыз?!
Бала болдық. Тай міндік. Ойын қудық.
Ересейіп әрнеге зейін бұрдық.
Бесігі мен есігін қастерлеген,
Шал сөзінің астарын кейін білдік!
Кеткенімен көп жылдар кірпік іліп,
Көзімде әлі сол бір шал тұр түңіліп.
Бесікті алып мың өрттен өткен еді ол,
Кете жаздап ұрқы да ұлты құрып.
Сол кісіден тыңдап ем жастай дастан:
"Бала көрдік,-дейтін-ді, (қаз, тәй басқан),
Ана көрдік ажалға бас байласқан,
Ақ дүлей мен қызыл өрт шарпысқанда,
Бесігін ап, қос ұлын тастай қашқан".
Деуші еді шал,
Көз жасы мұртта жанған,
Кірпігінде мөлтілдеп ұрттам-арман.
Бөтенге - аңыз,
Маған - шын.
Жұртқа - жалған,
Жақсы білем.
Зауалды ұлт қамалған.
Шар-шар етіп жылайды түсімде ылғи,
Жалғыз бесік,
Баяғы жұртта қалған.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Бесік қалған өлеңінің авторы кім?

Светқали Нұржан — осы өлеңнің авторы.

Бесік қалған өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Бесік қалған өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Светқали Нұржан өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Бесік қалған өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері