«Өліарадағы өлеңдер» жыр-шоғырынан
Оятты мені азаны құстың,
Азаны кұстың — өлеңі.
Құс көңілдердің наз әнін ішкім,
Базарына ұшқым кеп еді.
Далаға шығып көкке аунай кеттім,
Миымды осып отты өрме.
Топ тырна маған тоқталмай өтті,
Ене түспек боп көктемге.
Табиғат барлық құпияларын
Ашардай маған тек бүгін.
Көрер ем барып құт ұяларын —
Қанаттың, әттең, жоқтығын!..
Жастық қып басқа жастанған далам
Ыңырсып қойды атандай.
Әлдекім қазір аспаннан маған
Құпия бір тіл қатардай...
Сәлден соң аспан тас-талқан болып,
Найзағай бұзды кескінін.
Тәңірдің даусын асқар тау бөліп,
Еміс те еміс естідім.
Ұқтырмас сырын жасыл ғалам кең,
Құдайша ұқпай сырларын. —
Жатырмын оқып жасын қаламмен
Тәңірдің жазған жырларын...
1983 - сәуір.
* * *
Жел соққанда толқыны жарға атылып,
Тұнығы шайқатылып;
Кіреуке мұз қысқанда қайта тынып,
Жаға жатыр тағы бір таңды атырып...
Бұрымы тарқатылып,
Тұр ағаштар күп-күрең қан қақырып.
Сұп-сұр танау тастар да тұмауратқан.
Жамалы Ана-күннің
Көрінбейді — кірпігін қырау қапқан.
Төбелерді жасырып мынау жатқан,
Даланы қара мұлғын
Тұман жапқан —
Сол тұман зіл-ау батпан?..
Күз тоқырап — түстікте құстың көбі...
Қырым бар - мұз етегі.
Шешкізердей лыпамды үстімдегі,
Көктен түскен күйдірді ұшқын мені.
Миымнан сыз өтеді —
Неткен ыстық, япырмай, қыстың демі?!.
Ойланамын өткенде өрт мені жанай,
Жалаңаш қырым жайлы.
Болды-ау бұл ай біз үшін ең ұзақ ай.
Қыстың демі шығады кек, ызадай.
Қарағаш сыбырлайды:
"Өлара шақ өтеді көп ұзамай..."
Өліара өтсе қалады кім қасымда? —
Тарар күз дүрмекті алып.
Сырласым да сол болып, мұңдасым да,
Қыстың тең боп бір түні бір ғасырға
Қалармыз дірдек қағып —
Қарағаш пен екеуміз қыр басында...
* * *
Жаздың жеттім түбіне — жазды жедім,
Мен жебірдің жемесі аз білемін.
Кеше туған азулы ай бұлт кеміріп,
О да ертерек өзінің қазды көрін.
Мен де жедім,
Уақыт мені жеді,
Желігеді дүниенің жегілері.
Кемік сүйек, сасық ет —
Қам міскіннің
Тік тұрғызып Түйсігін — жел үреді.
Абалайды мігірсіз күздің желі,
Қағып алды тісімді — Түздің Демі.
Күркілдеген төбемде қара бұлттар —
Қанаттары түндіктей құзғын ба еді!?
Жел даусынан жүрегім қатты ыршыды,
Тіске тұрған дыбысы — тап бір шыны.
Ақ азуы сақылдап қасқыр қыстың,
Түлерін де білемін ақ қылшығы.
...Жем боларға қапысыз көзі жеткен,
Мен болар ем тірлігін сезік еткен? —
Кіл қорқаудың тісінен аман шығып,
Жатпаса егер маңырап қозы-көктем!..
* * *
Қабағынан қар көрдім кәрі еменнің,
Жанарынан зар көрдім қара өлеңнің.
Қара жердің бүгінде сыз құшағы,
Мұз қысады тамырын бар әлемнің.
Мезгіл-ақын өзгертпей тақырыбын,
Әлсін-әлсін, қарашы, аһ ұруын.
Түкіреді кәрі қыс, күрк-күрк етіп,
Таңдайына жабысқан қақырығын.
Жел — боранға айналып таласа үріп,
Жармасады шалғайға қара суық.
Жыртқыштардың тісіне қаны жұғып,
Жалғыз Сәуле қашып жүр аласұрып.
Сол Сәуленің қайғысын ойша шектім,
Сыбыры кеп құлаққа майса шөптің. —
Бір тал Сәуле сөйлейді —
Тіліменен
Тоңды жарған нәп-нәзік бәйшешектің.
Кәрленеді долы қыс шыны шағып,
Қиятындай желкесін қылыш алып.
Шырқыраған сол Сәуле кете алмай жүр,
Жеті тоғыс Демінен тыныс алып.
Тыныс алса, ғаламның сызы қашып,
Кәрлі қыстың көзінің мұзы жасып —
Нәзік Нұрдың шырылы жырға айналып,
Топас Тонды шығар ед бұзып ашып.
Жетер еді қаймықпай Қырау Беттен,
Босағадан төрге озып жырау-көктем.
Жатар еді жалт ойнап жанарында,
Құлағанда жүрекке тырау көктен.
Ал, әзірше, көктемің келетінге
Ұқсамайды.
Тығылып көне түнге,
Жалғыз Сәуле қашып жүр дірдек қағып,
Шырылдайды Дауысы жел өтінде.
Гүлге бөлеп даланың сері қырын,
Тонды жейді деп сенем жегі-нұрым.
Топас Тоңды тесе алмай аласұрған
Сол Нұр — менің үнім ед,
Менің — үнім...
* * *
"Сәуір — тәуір", — дейтін осы Сәуір ме?
Неткен ызың?
Жерді жарған Әуір ме?
Күні-түні сарнайды да тұрады,
Сәуірің де сай туыпты-ау Дәуірге.
"Кім сүймейді?.." — дейтін әлгі Көкек пе!
Бұл көкекті қамаған жөн кетекке.
Бәйшешектің тумай семді қызылы,
Арсыз жел кеп қол салған соң етекке.
Несі тәуір?
Қалай сүйем мен мұны? —
Қызғалдақтар құрып бітті ендігі.
Күллі өскіннің түбін қазып, ұятын
Ашып тынбай басылмас дүр Жел жыны.
Бұл сәуірің — сәуір екен жыры өзге,
Тап келгенбіз қандай ғана мінезге?..
Мәз боп тілі шыға берген шыбықтың
Бүршіктері без боп қалды лезде.
Отап тынбай тоқтау бермес мына жын...
Күшіне енді көзге шапшып құла құм.
Құртқашашты шаштан сүйреп,
Жусанның
Қан-қан қылып жұлып алды құлағын.
Сәуіріңнен — Жанарынан Зәр атқан,
Артық екен деп қалдым мен сор — ақпан.
Келін күткен күйде отыр ек күбініп,
Көк айыл ғой мынау барын тонатқан.
Сәуір келед, деп отырсақ, сый күреп,
Қай Құдайдың бұл тағы да бұйрығы ед?
Келін емес, кесір келді бет тиген,
Жаңбыр емес — топырақпен сигілеп...
"Қарағым-ай, шүкір ет!" —
Деп қариям желге қарап түкіред.
"Алды қату — арты тату болушы ед". —
Осыны айтып бетін сүртті ол "үфілеп".
Көктемені көреміз ғой қыз қылық, —
деп жүргенде, — салғаны нес-с түз бүлік?!
Зәрін шашып шықпасын де тағы алдан:
Шыжың шілде, тандыр тамыз шыжғырып.
Шашын сипап, сұрағанға жорта хал,
Жел алдыңда тәлімсіп тұр ерке тал.
...Баспағай тек бетпақ келін орынын:
Шағыр көзді, шандыр бетті кер тоқал!..
* * *
Тырнақ жазды жатқан қыс жұртты бүріп,
Шағыр күннің көзіне жылт жүгіріп,
Киізіне мүйізі өрнек салып
Тұрысын-ай, мезгілдің күрт құбылып.
Күрт құбылды.
Әлі сан құбылады,
Шапақ қанжар ірейді құбыланы.
Тіспен тартып тоң-тұтқын әр тал шөпті,
Әкеледі жарыққа түлік әні.
Қалған көктем тіріліп ит өлгенде,
Жеті жарып жалқы үнді күй тергенде —
Жұлдызды үнмен бота-бұлт боздайды әлі
Іргеме кеп түйе-түн сүйкенгенде.
Жұлдызды үннен от тамып сезіміме,
Тағы үреді-ау ит-көңіл — көзі, міне!..
Түйе-түннің тау-үрпін бота түртіп,
Ай уызы жұғады езуіме.
Құс жолымен ботамды ноқталатқан
Жетеді ертең көктемім — жалт қаратқан.
Сәмбі талдың бүрінде тыныстайды,
Өңшең ғашық - көздерін от қанатқан.
Болады ғой ертең-ақ керемет бір! —
Құрт жайылып төсіне өре-көктің.
Қауырсынға тырнаның үнін құйып,
Қанатына жыр жазам көбелектің.
Басылады көңілдің күйкі алаңы,
Қыз-дүние сыланып, сипанады.
Жетер тағы шоқ шашып тұяғынан —
Ән таңбалы Дәуренім, күй тағалы.
Мынау әлем әзірге құбылып тұр,
Айта алмауда шын сөзін құмығып қыр.
Жүрегімде қоздайды жыр-қоламта
Жұлдыздардың деміне жылынып бір.
Міне, осылай бағамын күн райын,
Шытынауда тағы аспан шыныдайын.
Мұз тұмсығын тығады Жылы Үмітке,
Тырнағына қан жұққан Ұры Уайым.
Күнді ай қуып, айды —жыл,
Ізді басқан,
Қыстың жазсыз кезі көп күзге ұласқан.
...Бұлт ысқылап тазартқан аппақ Нұрды
Жол қылмасақ — ашылмас біздің Аспан...
* * *
Көктем күні даланы тұр өрнектеп,
Салыстыра аласың кілем деп тек...
Зорға шыққан төбеге гүл еңбектеп,
Тас қарсы алды алдынан кілең көкбет.
Көктеменің қонғанда гүлі сыбай,
Танытпады сабаздар жылы шырай.
Гүл өлтірген секілді жеті атасын
Бедірейіп бетпақтар — тұрысын-ай!..
Әр дыбысы әуен боп таза қанды,
Жапыраққа мас торғай жазады әнді.
"Бес-ақ күндік ғұмырда кімге ғана
Тап болдым?" - деп гүл бейбақ назаланды.
"Ей, бал ара, көбелек! — Тояттап кет! —
Сен де тасқа нұрың төк — айы аппақ көк!"
Осылай деп гүл бірде жыр шығарды,
Кілең көкбет тастарды оятпақ боп.
Өмір қысқа.
Өлмейді ол жазды өткеріп,
Жылап кетер гүл-ғұмыр мәз боп келіп.
Сылқым жырды сыбырлап айтқанменен –
Селт етпеді көк тастар саз беттеніп.
Тас билеген төбесін — ояң далам...
Бір тыңдасаң гүл жырын тояр ма жан...
Дүниеден гүл де озды, аяй қарап
Сұр тастарға — ұйқыдан оянбаған.
Азат ауа, азат көк, азат таңда Ғұмырлар-ай —
басылған мазақ таңба.
Бес күн жасап,
Жүз жылдық Басырларға
Аяй қарап өтуден азап бар ма?!.
Түлегенде қайтадан қыр жаңбырмен,
Сырласамын қырқада тұрған гүлмен.
Таңдайымды шылаймын шөлдегенде —
Қауызында гүлдердің тұнған жырмен...
* * *
"Ай көрдім — аман көрдім..."
Наным.
Беу, менің жігіт шағым — үміт шалық —
Қамадым түрмеге оны құлып салып.
Құрт түскен өзегіне тумай жатып —
Барамын тамыры ауру шыбықша арып.
Тұрғызбай табыт-тірлік, төсек-кебін,
Білемін көп өмірдің бос өткенін.
Бос күндер жыртығынан жел кіргенде,
Не көріп, не қойдым? - деп, есептедім...
Қыс көрдім алағайлы, бұлағайлы,
Ешкімге тие қоймас сірә жайлы.
Бүр болып шыңғырсаң да тамырдағы —
Қыс көкең хал-жайыңды сұрамайды.
Содан соң тамшы көрдім қауыздағы,
Қауызды бір Азу тіс бауыздады.
Қылт етсең қыршыныңнан қиып кетер,
Жиылып жер бетінің жауыздары.
Ай көрдім — одан кейін тамыздағы,
Мойында түсті есіме қарыз бары.
"Жаңа айым, жарылқай гөр!.." — деген тілек,
Ол да бір айтып кеткен аңыз-дағы.
Соңынан Зариғапқан күзді көрдім,
Көңілдің мизам жібін үзді жел мың.
Күз деген — Уақыттың қасапшысы,
Бар дейсің, аман өткен сүзгіден кім?..
...Маңырап көкіректе жетім Дауыс,
Жүректі сынық мүйіз Сүзгілер Мұң.
Қаншама төл болсаң да өлеңді емген,
Ұры-Ажал лағысың сен өңгерген.
Жатарсың не болмаса қарс айрылып,
Қауындай бір бұтаға көгенделген.
Білмеймін — қала панам, мола ма ығым?
Көмейден шықса болды тоңады үнім.
Салмағын сезе түсем келер күннің,
Жедінің санап тұрып жек адымын.
Тағы да бір қиғылық істегелі,
Ақ азу қыс келеді тістегелі.
Үмітті құс денелі — үсік ұрып,
Бәйшешек мұз астында түс көреді.
Тигенде қайла-мүйіз тасқа даусым,
Қабағын шытып қойды қасқарау шың.
Қыстың да аржағынан Ашады Аран,
Атасын мен танымас — Басқа Маусым.
Бой — байсал, басым — аман, бауыр — бүтін.
Ай кесті сәулесімен дауылға үкім.
Нәр сауған метім тастың үрпінін де,
Басымнан өтті-кетті — Сәуірлі түн.
Толтырдым көз ұяма құмды құйып,
Өлтірдім тар кеудеге жынды жиып.
"Біз мұңдық — қурай мұңдық" — деп қояды,
Жасылын жел жеп кеткен тұл — Жырұйық.
Е, біздің басымыздан не көшпеді?
Бұлт көшті — тозған іркіт тегештегі.
Үзілген үміт жібін жалғатпайды,
Мидағы Сынық Ине елестері.
Сананы сыздатады Сынық Ине —
Жазылмас жара құсап өңештегі...
Уақыт жүзімізге тап сала ма?
Жүректі үсік ұрып, тат шалады, ә?! —
Кеудеме мөрін басты күз кеп менің,
Жұлып ап жапырағын сап-сары ала.
Төсінде ай-жапырақ — күзгі теңіз
Мұңданса — ол мұңменен түздікі егіз...
Тілеумен бала талға бүр шыққанын,
Көктемді алда қанша біз күтеміз?!.
Күтеміз!
Бұған дейін қанша күттім,
Қадірін Дәуренімнің аңсап ұқтым...
Қайтадан Жыр ұйығым тіріледі,
Қуат ап тамырынан қан-шабыттың.
Құлайды топас-қаңтар, мәңгүрт-ақпан. —
Түспейді ақын барда Ән-Жыр тақтан.
Ақ түннен нұр суырып отырармын,
Айдыннан бала қаздай балдыр тартқан...
Уа, дариһ!
Сол шақ үшін бақ садаға,
Бас имей кетер едім патшаңа да —
Бас бармақ құлпытасын көрсеткенше
Қырдағы жұдырықтай ақ сағана...
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі