Қоқыс – Абдрахман Асылбек

Бұл бетте «Қоқыс» атты Абдрахман Асылбек жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 25.08.2019
  • 0
  • 0
  • 2551
Тілге тиек – кәдімгі қоқыс бүгін,
Қоқыс үшін қырқысып, шоқысты кім?
Көргенімді бүкпесіз баяндасам,
Түсінерсің бұл ісітің оқыстығын.
Салынатын сан қоқыс араласып,
Ауламызда тұратын қара жәшік.
Бұрын оны тінтісе ит пен мысық,
Қайыршылар жүр енді қамаласып.
Қолдарында таяғы, дорбалары,
Ұмтылады таң атпай сонда бәрі.
Бос шөлмек пен тағамның қалдықтары –
Талшық үшін табатын олжалары.
Көп пендеге қарекет, жұмыс құрбан,
Қоқыстарды күнкөріс, ырыс қылған.
Өмір заңы онда да өзгеріссіз:
Күштілері әлсізін ығыстырған.
Патша сынды кім мұнда ерте келсе,
Жетті бүгін қос бейбақ ентелесе.
Қара жәшік түбінде құзғындардай
Қалды екеуі жұлқысып, желкелесе.
Жұмсады да жуаны қара күшті,
Ұрып жықты тырысқақ тарамысты.
«Табысына» сол күнгі сол бейшара
«Жеңісі үшін» жартылық арақ ішті.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері