Темірше – Жүрсін Ерман

Бұл бетте «Темірше» атты Жүрсін Ерман жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 29.04.2020
  • 0
  • 0
  • 2310
Темірше.
Темірше дос.
Темірше ағам,
Өгейлігін көрсетті-ау өмір саған.
Шөміштен қысып құйды ол сыбағаңды
Қытымыр секілденіп келін сараң.

Бұрқатып анда-санда жыр дауылын
Сағынып жүруші едің сыр қауынын.
Мылтығыңды кезеніп бүкең-бүкең
Қуалап Жетісудың қырғауылын.

Аңшылық құрар шағың тек күзде еді,
Құстардың алдарқатып көп тізбегі
Қырғауыл қанатындай қызыл-жасыл
Қу өмір қуғаныңмен жеткізбеді

Жетем деп Сырға бардың, қырға бардың,
Үні едің сұңқылдаған бір ғаламның.
Қырғауыл қауырсыны секілденген
Кім білген баянсызын жыр-қаламның!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері