Өлең, жыр, ақындар

Сүт туралы баллада

  • 09.07.2020
  • 0
  • 0
  • 2104
Көшті талай көк аспанның бұлттары,
Көпті жұрттың көзіндегі шықтары.
Төрт жыл бойы асыраған —
бірақ та
Таңдайымнан кетер емес сүт дәмі.
...Көктем шығып,
Жер-дүние жылынып,
Жан біткеннің аузы көкке ілініп,
Көкжиектен құлаушы еді бір табын
Кешкі мұнар арасымен шұбырып.
Бәрінің де жұмырланып бүйірі,
Бәрінің де биіктеген иығы...
Ең алдымен жетуші еді елпілдеп
Біздің үйдің қызыл қасқа сиыры.
Қалай ғана шыдайды екен күнімен,
Есі шығып,
Еміреніп үнімен,
Келе сала,
Жалап-жалап бұзауын,
Жылтыратып қоюшы еді тілімен.
Одан басқа көрмейтін ол жанды да,
Не қойсаң да, қарамайтын алдына.
Тұлабойы дір-дір етіп,
жас бұзау
Тығылатын енесінің баурына.
Осы кезде
Балбырап ол тұратын,
Жанарына бүкіл дала сиятын.
Осы кезде -
үлпілдеген үрпінен
Бір ақ жаңбыр нөсерлетіп құятын.

Ақ жаңбырдың иісінен-ақ шат болып,
Тұратынбыз бойымызға дәт көріп.
Көтеретін көңілді де,
Көзі де
Ақ шелекте бұрқыраған ақ көбік...
Сауу керек үшінші рет,
Соңғы рет,
Бұзауы тұр жіберсе екен енді деп,
Ол да — бала,
Мен де — бала бүлдіршін,
Екі бала елеңдейміз мөлдіреп.
Жауып-жауып,
өте шыққан бұлттардай,
Үшінші рет...
Қояды енді түк тамбай,
Жалғыз ғана өзіне аян бір сырды
Жануарың ішке бүгіп тыққандай.
Мыңқ етпейді -
Секілденіп жоқ есі,
Әлсіз ғана қалтырайды денесі.
Ең нәрлісін,
Ең дәмдісін —
Соңғысын
Бұзауына сақтайды екен енесі.
Соңғы иінді...
Ең қиыны осы ара,
Осы арада —
Арбасады қос ана,
Екеуінің екі түрлі тілегі.
Екі тілек қосылмайды -
не шара?!
Жануарың жасыра алмай сезімін,
Жаутаңдайды қарашығы кезінің,
Ене байғұс ойлайды тек бұзауын,

Ана байғұс ойлайды тек өз ұлын.
Біздер үшін арпалысып,
тіресіп,
Тұрады екеу...
Бірі алданып,
бірі өсіп.
Түк жоқ ойда,
Мәз боп бара жатамыз
Екеуіміз екі анаға ілесіп...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ардақтаңдар ананы

  • 0
  • 0

Ардақтаңдар ананы
Бірге жайнап, бірге лаулап көктеммен,
Жүректерг жарық берген, от берген.
Сағи Жиенбаев

Толық

Дәурен-ай

  • 0
  • 0

Дәурен-ай - Сағи Жиенбаев
Армысың, аманбысың, күлімкөз еркем,
Көктемде шешек атқан гүлдей көркем,
дәурен-ай.

Толық

Апатайым – алтын айым

  • 0
  • 0

Апатайым – алтын айым
Қарғашымды тербетсін деп,
Сен айтпаған ән бар ма?
Сағи Жиенбаев

Толық

Қарап көріңіз