Қаланы көптен жүр кезiп бiр мұң – Байбота Қошым-Ноғай

Бұл бетте «Қаланы көптен жүр кезiп бiр мұң» атты Байбота Қошым-Ноғай жазған мұң туралы өлең берілген.

  • 12.07.2020
  • 0
  • 0
  • 1441
Қаланы көптен жүр кезiп бiр мұң,
тұнжырап мөлдiр жанары.
Бетпе-бет келiп,
мың кезiктiрдiм,
ашылмайды ешбiр қабағы.
Көргем жоқ кезiн күлiмсiреген,
қарғай ма қатал тағдырын?
Жас жуса жүзiн жылымшы,
денем
сезедi нөсер жаңбырын.
Сүйемiн үнсiз, тегi, мұңды мен,
отырып алып оңаша.
Алабұртады көңiлiм кiлең,
жайлы емес жанға ол аса.
Тым ыстық маған мұңның ажары,
жанары ойлы тұнжырап.
Жастықтың тарап дулы базары,
жүрегiм сыңсып тұр жылап.
Ортақ боп ойға осындайда мұң,
бөлiсер менiң сырымды.
Даңғаза шуға қосылмайды әнiм,
зерлеймiн шермен жырымды.
Сүйемiн үнсiз, тегi, мұңды мен
ажары ұқсас өзiңе.
Жуамын жаспен өңiрiмдi де,
көздерi түссе көзiме…
Ғашықтықпенен келеке қылды,
оны ылғи қинап Тәңiрiм.
…Сол мұңның
жұртқа
сен екенiңдi
айтқам жоқ,
жетiп сабырым!..


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері