Көп болды ғой мен кеткелі – Жұмекен Нәжімеденов

Бұл бетте «Көп болды ғой мен кеткелі» атты Жұмекен Нәжімеденов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 08.08.2020
  • 0
  • 0
  • 1679
Көп болды ғой мен кеткелі,
өткен күн,
өткен күнге көп болды ғой деп болдым.
Қошалақты қыстайтұғын қара шал,
саған сәлем бермегелі көп болды.

Туған ауыл мен кеткелі көп болды,
сағынышым шөлдеткелі көп болды.
Иір-иір бармағынан шалдардың
ет асамай кеткеніме көп болды.

Көп болды ғой...
секілденіп леп белгі
Қырға шығып тұрмағалы көп болды.
Қызды ауылдың қызығына кешқұрым
ат байламай кеткеніме көп болды.

...Енді барсам құрдастармен белдесіп,
жүгірер ем жалаң аяқ шөл кешіп.
Содан кейін... көлеңкеге отырып
табанымның алар едім шөңгесін...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері