Кешірдім – Танакөз Толқынқызы

Бұл бетте «Кешірдім» атты Танакөз Толқынқызы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 06.10.2020
  • 0
  • 0
  • 4030
Ту сыртымнан атқандарды кешірдім,
Сырт айналмай сатқандарды кешірдім.
Түнегіңді жарығыммен өшірдім,
Кешірімнен күн сәулесін өсірдім.
Талантымды кешпегенді кешірдім,
Күнге қарап өспеенді кешірдім.
Кешірімнен сағы сынар кесірдің,
Кесірден де көшсін дедім кесір мұң.
Аққа күйе жаққандарды кешірдім,
Күннен де дақ тапқандарды кешірдім.
Қап-қараның салшы десе суретін
Қап-қарадан аппақ сәуле көшірдім.
Өз отына өзі күйген ғаріп көп,
Бәрімізді сыйдырып тұр алып Көк.
Қараңғымен алыспаймын қарайып,
Мына ғалам қалу үшін жарық боп.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері