Ақындарда дос болмайды
«Ақындарға азғындар ереді... Алайда иман келтіріп ізгілікке жеткендер, Алланы есіне алғандар басқа...»
Құранның «Шұғара» сүресінен
«Ақындар – Аллаға жақындар».
Әмір Темір
«Өмірде ақындардың бәрі жалғыз...»
Мұқағали
Ақындарда дос болмайды пендеден!
Күлер бәлкім сандырақ деп
Бұл сөзіме сенбеген,
Ол үшін де мен ешкімді тергемен.
Білгің келсе Құран сырын –
Оқығанда шайыр жырын
Жанына үңіл, жүрегіне ен дер ем.
Болмаса егер ақындар досқа кенде
Саналы өмірлері босқа өтер ме?
Шер тарқатар жан таппай
Ақтарар ма мұң-зарын тас кереңге?
Мұндайда оларға жын жүрер жақын,
Ерттеп берер қолынан мінер атын,
Алайда азғындықпен асқан өрге –
Тән емес қарекет қой талапты ерге.
Сайтанды серік еткен құрсын тірлік,
Тәңірім, ондай күнді басқа берме.
Талабымен игерген өнер кенін,
Елі сүйіп оқитын өлеңдерін
Аты дардай бір ақын деп жазыпты:
«Шараппен ғана жалғыз кемел көңіл;
Тірі болса ғой, шіркін, дос болар ек
Мұңлық аға Мұқаңдай кемеңгерім!» (?)
Осы сөздің иесі – айташыға
Мынадай жауабым бар берер менің:
Ол заманға Сізден, рас, бұрын келді,
Заман оған сондықтан қырын келді.
Өліарада өлеңнен өнім алып,
Жұтта жүріп жемісті жырын терді.
Мүсәпір жұртына артып жауыр қылған
Кісәпір қоғамның сан «сыйын» көрді.
Тек қана ақынды емес ол бір кезең
Дүдәмал күйге салды дүйім елді.
«Алла – ақиқат, Кұран – шын» деумен өткен
Діңкелетіп дініне мығым ерді,
Хаямның Хақтан күткен Нұр-шарабы
Осы деп шайтани-су шырын берді.
Сезіміңді улайтын тарап қанға
Шипа емес, шірік шөлмек шарап жанға.
Ақын дара жүргенмен елден жырақ
Оны өзіне жақын ғып жаратты Алла.
Тәңірін танығандар жалғыз қалмас,
Жалғыздық жарасар тек Жаратқанға.
...Мұнымды Мұқағали рухынан
Сұраңыз Маһшар күні таң атқанда!
***
Көгершін – көңіл көкке өршіп,
Қанатын керіп қиялым жаһан шарлап жүр.
Кезім жоқ бірақ өткен түк
Шиеленген шеңберін шешіп тар тағдыр.
Құмартып бала күнімде
Әжемнің талай тыңдап өскем ертегін.
Бұлыңғыр тартып бүгінде
Ескіні қоса елестетеді ертеңім.
Көктем бе, әлде жаным – Күз?
Тұлғамды танып, тиісін тауып теліп көр:
Жағымды яки жағымсыз
Өмірімдегі өзіммін басты кейіпкер.
Батыр емеспін
Зұппыһарын асынған,
Серігім де жоқ табылатын қасымнан.
Керқұла атқа тақымым тиіп, жал құшпай,
Жалғыз жортқам жасымнан.
Ақын да емен,
Ғазал-жыр деп жазғаным –
Қырық өтірік сандырағы Тазшаның.
Дүр талант, ділмар дарындылар бақытты,
Одан менің аз бағым.
Ғашық боп та сезімге таппай түк азық,
Жабырқау тартып жаным содан жүр азып.
Күн астындағы Күнікей қызға қол жетпей
Көңіл қалған құлазып.
Самұрық құс құныкер досым бар менде,
Тұтатсам қылын ұшып жетер бір демде.
Аспан асып кетсем деп едім ол-дағы
Келмей қойды жәрдемге.
Ғаріп күйде орнатар басқа бақ тегін
Алтын балық аңсаумен өтіп сәттерім.
Қалам – қармақпен отырам кейде ой аулап,
Теңіз – өлең дәптерім.
Көктем бе, әлде жаным – Күз?
Тұлғамды танып, тиісін тауып теліп көр:
Жағымды яки жағымсыз
Өмірімдегі өзіммін басты кейіпкер.
***
Жердің бетін жауып аппақ қар ауыр,
Күмістейін өңі өзгеріп дала тұр.
Дәл қазір сен шықпасаң да аулаңа
Балконыңнан қара бір.
Сұлулыққа құмар келер қыз жаны,
Қыстың бірақ аралас қой мұз-қары.
Ал бүгінгі күннің аяз түгілі
Білінбейді ызғары.
Сөзсіз бұл күн саған да бек ұнары,
Алайда бұл қашанғы өстіп тұрады?
Жаңа жылдың жаңа қарын басқанның
Орындалады мұрады.
...Шықтың екен тұрмайық құр кідіріп,
Көше бойлап қайтайық жүр қыдырып.
Тұра берсек тоңазиды денеміз,
Бізге керегі жылылық.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі