Ұлым-ай менің құлдыраңдаған – Әділбек Ыбырайымұлы

Бұл бетте «Ұлым-ай менің құлдыраңдаған» атты Әділбек Ыбырайымұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 12.02.2021
  • 0
  • 0
  • 1010
Ұлым-ай менің құлдыраңдаған,
Жабыңқы түннің бұрымы алдаған.
Түспесең екен арбауға сен де,
Өзіңсіз ғұмыр тұлдыр ал, маған.
Әкеңде мұң көп – шерменде күні,
Селбесер дейсің көргенде кімі.
Жүрекке жиып, үйіп-төгіпті.
Қыжылдың бәрін...
Ермендегіні.
Қақпады шалқып шағалам қанат,
Қалың қорқаулар талаған қамап.
Бауырда – беріш қасірет күшті,
Есемді қайыр, саған – аманат.
Ұлым-ай, ұлым!
Ұғынасың ба?
Қалың елімнің мұңы басымда.
Қайтқан қаздай мен сіңіп кетермін.
Байыған күннің шұғыласына.
Өңім де сынық, жабырқағамын,
Анық алатын қабір – қамалым.
Опасыз жалған. Тірі жүргенде –
Кімдерге барып, қадыр табамын ...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері