Келтіре алмай қор болдым елесіңді – Әбілда Аймақ

Бұл бетте «Келтіре алмай қор болдым елесіңді» атты Әбілда Аймақ жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 13.04.2021
  • 1
  • 0
  • 655
Келтіре алмай қор болдым елесіңді,
Мына түнге елесің неге сіңді?
Жер-дүниеге өзімді сыйғыза алмай,
Уақыттан көрдім-ау көресімді.
Сағынудан шаршайтын соқты шағым,
Ішім жалын, күрсінсем от құсамын.
Түсім шығар деп ойлап шошынамын,
Сүйегімді еріткен от құшағың.
Өзімді-өзім барамын танымай мен,
Бері даймен келіп ем, ары даймен.
Кеудеңе әкеп басымды сүйедім мен
Ерніңдегі қандырмай тарыдай мең.
Деп жүруші ем мен саған тең бе екенмін,
Бақытты да шығар-ақ енді өтер күн.
Сені ғана кеудемнің бесігіне
Бөлеп қойып, бөлектеп тербетермін.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері