Лебі еспей менен жаздың – Әбілда Аймақ

Бұл бетте «Лебі еспей менен жаздың» атты Әбілда Аймақ жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 15.04.2021
  • 0
  • 0
  • 634
Лебі еспей менен жаздың,
Ойым быт-шыт, өлең жаздым.
Сөз жүйесі жүйкелеген,
Құралмаса, неден мәзбін?
Хат та жаздым әкімдерге,
Аузым бармас жақын дерге.
Тұншығады пана таппай,
Құралмаған мәтін көрде.
Кім көрінген қоңаштайтын,
Кедейлерге жараспайтын,
Өлеңдерім кімге керек
Дәптерімнен әрі аспайтын.
Шыққан жерім, тегім мәлім,
Ешкім келмес төрім мәлім.
Қара нанға зар болатын
Қырық жамау менің қалім.
Өлең жазу теңім бе еді,
Газеттен де көрінбеді.
Байлық маған қонбаған соң,
Тірлік оңбас өңімдегі.
Жыр да байға жарасады,
Ән де байға жарасады,
Бір тиынға зар боп жүріп
Мен қайтемін тамашаны?
Мен секілді өлерменнен,
Аямаған, өлең берген,
Алла-тағала жаратыпты
Артықтау қып «кереңдерден».
Осы ғана мақтанышым,
Тіршілікте тапқан ісім.
Кейді бірақ, жағалаумын
Өртеп кеткен от қамысын.

24 қараша, 2006 ж.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері