Маңдайыма оқ тиді
Алтынбек Сәрсенбайұлына
Соқыр ма мына билік, керең бе екен,
Біздің де мұңлық жырды көрер ме екен?!
Ешкім де құлақ асып жатпаған соң
Қаламмен мұңдасам да, өлеңдетем,
Бір айтсам, тоқтай алмай терең кетем,
Жаман ой шықпас еді менен бөтен.
Алдында шікірейген шенеуніктің
Қалайша өз бағымды төмендетем.
Кез келдік саясаттың қандайына,
Келгенін істеп жатыр қарға ойына.
Алдында шікірейген шенеуніктің,
Қалайша өз бағамды төмендетем.
Бекер-ақ ой-қиялға батыпты асқақ,
Мұрнына ауыл жатыр қатып қаспақ.
Дұшпандар алшаң басып бара жатыр,
Ахаңдай Алтынбекті атып тастап.
Қазақты қорғаймын деп тоныменен,
Ахаңдар кеткен еді тобыменен.
Бүгінде бір-біреулеп кетіп жатыр,
Алысып елдің мұңы-жоғыменен.
Аналар арам қатып толғағымен,
Кеңестер өртеп еді орманымен.
Бүгінде бір-біреулеп атып жатыр,
Кез болған байғұс қазақ сорға кілең.
Қиылды көк желкеден үміт-арман,
Аттады қыз батадан, жігіт ардан.
Ақшаның құлы болған бұл қоғамның,
Жанары жасаураған, нұры талған.
Қоғамның тілі басқа, ділі басқа,
Шақырдық шырақ жағып ұрыны асқа.
Жерді де, жер кенін сатып билік,
Тұлыпқа мөңіреп жүрміз құры босқа.
Айтпасақ ұлы сөздің атасы өлген,
Қамшыдан таяқ жедік топас өрген.
Кеңсайда томпайды да қала берді,
Ахаңның артындағы ботасы ерген.
Құтылмас қақпандағы ырық сордан,
Құныққан қанымды да сүлік сорған.
Қосылды Ахаңдарға Алтынбек те,
Бір кезде «ұлы» Сталин қырып салған.
Қазақтың бағаланбас дерті мысқа,
Айналды жұмақ қоғам қорқынышқа.
Мерт болды Арыс ұлын, беу қазағым,
Шенеуніктер айтатын «ел тынышта».
Айырып момын елді шырағынан,
Дұшпандар тарқады ма құмарынан .
Үміт еткен балам-ай болашақтан,
Тұрса да күн көрініп құлағынан.
Әй, қайдам, тарқамайды-ау бай құмардан,
Іздейміз болашақты қай мұнардан?
Біздегі безбүйректеу билігіңнен
Кеңсайың мәрт екен-ай қойнына алған.
Кеңсайда томсырайған мола ғана,
Оларды тербетеді Обал – Ана.
Қазақтың маңдайына оқ тиген соң,
Мертіккен ұлы көшің оңала ма?
Жалмады жалаңдаған талағымды от,
Жоқтадым Алтынбекті қарағым деп.
Біреу-міреу оқитын шығар-ау деп,
Өкініп өлеңдеттім, амалым жоқ.
Соқыр ма мына билік, керең бе екен,
Тыңдай ма біз пақырды төрем - көкем...
Көтерсе біздің сөзді сол көтерер,
Артайын Қазанатқа - Өлеңге тең.
15 ақпан, 2006 жыл.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі