Үнсіздік дауысы
– Жасықпысың, үндемейсің, тұйықсың,
Тұйық жаннан тұрғылас не күй ұқсын,–
Жауабым бұл,– деп жазғырған бір досқа,
Үндегенде не дейін мен құр босқа.
Жуастықты – жасықтыққа балама,
Тұйықтықты – менмендікке санама;
Салиқалы сөз қозғасаң жайлап бір,
Ақын кеудем сандуғаштай сайрап тұр.
Сәл нәрседен шаттық пенен табам мұң,
Сезім жеңген мен бір қызық адаммын.
Мәнді болсын деп әр күнім алаңмын,
Қиял кешкен мен бір қызық адаммын.
Дей алмаймын ерлік жасап, егестім,
Көпті көрген көнекөз де емеспін.
Билік айтып бейберекет дауласқан,
Бөспелікке әуес емен әу бастан.
Қайда жетем өсегіңмен қарға адым,
Өтірікті ал ұйқастыра алмадым.
Айт дегенін айтып салып көкейдің,
Асты-үстіне түскен жоқпын дөкейдің.
Құлаққа ерсі құр мақтансам мылжыңдап,
Жұртты ойлантар таппай жүрмін бір жұмбақ.
Еспеден де еншімді алып қашқан ем,
Үлкендерді ұйып тыңдай бастап ем.
Не демекпін басқа мен.
Алқа топта тізгін тежеп қалдым ба:
Аға бар деп іркілгенім алдымда.
Көп алдында көрінсін деп жас адам,
Інілерге ізетім ол жасаған.
Ой да емес бұл, болсын деген бас аман,
Мінез де емес мінеп сөйлер тасадан.
Жетегінде желіп кетіп желіктің,
Ей, туысқан, нені ұттың?
Сауық қуып сандалмай бос, сабыр ет,
Даурығумен опық жедік сан рет.
Жұртың мынау қызық тойы қызған дәл,
Онда да ұлы тыныштықты бұзбаңдар.
Тоқта, досым, той екен деп тағы еспе,
Келген шығар өмірге бір нәресте!..
Шабыт буған шадыман шақ бәрі есте.
Бір күн қызық, бір күн шыжық алмасқан,
Сынақ болып сырғиды айлар жалғасқан.
Даңғаза емес, сабыр мұнда керегі,
Ажал – ғайып, аяқ асты келеді,
Даңқ пен дақпырт кімге опа береді?..
Бір құзыңда бұғып қалған бүркітің,
Аққуларды алмасыншы үркітіп.
Көңіл шыны, шытынатып алам ба,
Деп ағайын алаңдасаң, алаңда.
Бір ауыр сөз айтып қалсам кейде мен,
Ренжітіп алдым ба, қап дей берем.
Сүттей ұйып тұрған мынау ортаның,
Шырқын бұзып алам ба деп қорқамын.
Керек боса кеңірдек бар менде де,
Бір жамандық ойлап табам пендеге,
Жамандықтан өмір бірақ кенде ме?!
Сөздің түбін түсірем ал қаласаң,
Дос алдында тасып берем тамаша.
Жуас болсам – жасықтыққа балама,
Тұйық болсам – менмендікке санама.
Табылса да өркөкірек басынған,
Естір тағдыр жан даусымды ашынған...
Тәкаппар деп және ойлама, ол басқа,
Үндемей де сыйласуға болмас па?!
Іштей ұғып сыр ақтарам жолдасқа!
Сезе біліп кеудеңе шер қонғанын,
Үнсіз қалсам – қайғыңа ортақ болғаным.
Ел деп жанған бір от көріп көзіңнен,
Тебіренсем – тілегім бір өзіңмен.
Көріп сені шын бақыттан аптыққан,
Толқып тұрсам – шарқ ұрғаным шаттықтан.
Сезім жеңген мен бір қызық адаммын,
Қиялдағыш мен бір қызық адаммын...
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі