Ақсақал

Бұл бетте «Ақсақал» атты Исраил Сапарбай жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.

  • 21.07.2021
  • 0
  • 0
  • 1338
Рахманқұл Бердібаевқа

Ақиқатты мына бір аңғаршы, жұрт:
Ақсақал аз біздерде, шал баршылық.
Əлімсақтың əйгілі əлқиссасы:
Кəрі ағаштың ғұмырын жалғар шыбық.
Жас шыбықты – шаншылған қара жерге
Жалмауызға жалматып ала көрме...
Дуалы ауыз ақсақал керек бүгін
Жаны жапа, жүрегі жаралы елге.
Қыран қарар төменге шоқтығынан,
Қарға қалмас қарайған боқтығынан.
Ауыл азса,
Жер тозса,
Ау, ағайын,
Арамызда абыздың жоқтығынан!
Елге шығып кеңсенің бөлмесінен
Енді қашан, құдай-ау, кең көсілем?
Алтын қазып алатын заман қайда
Көне көздің көкірек көмбесінен?..
Қу далаға кісінеп құлын-сенім,
Құлазимын құрыққа ілінсе Күн.
Тоқсанға кел,
Жүзге кел..,
Кім елейді,
Тоқты ғұрлы болмаса құның сенің!
Ақыр-тақыр қағылған қаптағы ұндай
Өтіп жатыр аялсыз апта, күн, ай...
Шабағы жоқ шалжиған шалшық судай
Шал-шауқан боп қалудан сақта, құдай!
Əулиедей жамылған ақ шапанын
Жалғасы едім мен де бір жақсы атаның:
Жетпісіңнің желкенін көтеріпсің,
Аман болғай ақ кемең, Ақсақалым...

31 қазан, 1997 жыл.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Ақсақал өлеңінің авторы кім?

Исраил Сапарбай — осы өлеңнің авторы.

Ақсақал өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Ақсақал өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Исраил Сапарбай өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Ақсақал өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері