Он екі ару қаласы
Келтіріп көне күнді көз алдыңа
Саты үйлер сап түзеген өз алдына...
Готика, Ренессанс, Борокколар
Күмбірлеп жөнелді-ай кеп сөз алды да.
Ететін көз салғанның ойын алаң,
Ұқсатпай бір-біріне оюлаған
Әр үйдің тарихы бар,
Мемориаль
Тақталар тегіндіктен қойылмаған.
Мұхиттан әрі қалып күрес-тартыс,
Босатып бір сәт ойын алдындағы іс...
Қасында Элеонора, серуенге
Шыққандай мынау үйден Карл Маркс.
Қоңыр үй қос қабатты келдік жанап,
Сипатын тәптіштейін несін санап.
Армандап Ульрикадай ару қызды,
Тұрғандай балконынан Гете қарап.
Әсем үй кенересін алтындаған,
Бұл үйде күндіз-түні ән тынбаған.
Жиылған шартараптан шадыман жұрт
Осында Шаляпиннен ән тыңдаған.
Қойған үй күмбезіне лавр өріп,
Қарайды әр бұрышынан ару төніп.
Гончаров қаламынан осы үйде
Келіпті дүниеге Обломов.
Тепланы жағалап жұрт жылжып жайлап,
Кеңесіп ғасырлармен әрнені ойлап...
Тургенев, Горький, Гоголь, Бетховеннің,
Ізімен келе жатыр жатқан сайрап.
Атағы бұл қайнардың көпке тарап,
Алыстан ат сабылтып, іздеп қалап
Келмеген ұлы адамдар аз-ақ екен
Айтайын әрі тізіп несін санап.
Қаланың осал емес бүгінгісі,
Аз жылда өскен ғажап қуат-күші.
Соңғы үш он жылдағы өткерілген
Бейбіт күн, бірлікті еңбек қуанышы:
Қайнардың көркі ұлылар ескерткіші,
Гүл қойып, құрметтейді үлкен-кіші,
Шадыман өмір содан басталады
Қаланың тіпті өзгеше осынау тұсы.
Колонада – Чех-Совет достығы үйі
Біздің ел құрметіне қойған, сыйы.
Осында он екі ару ыстық, қайнар
Табиғат құшағында жатқан күйі.
Сұлу үй көк мрамор қасындағы –
Колонада Гагарин атындағы.
Екі мың үш жүз метрде ыстық Гейзер
Төрінде көкке атылып жатыр тағы.
Шақырып, отырғызбай ауа тұнық,
Шығасыз еріксізден серуен құрып.
Москва, Волгоград – көшелер бар
Сүйсіне қызықтайсың жүрек жылып.
Арулар ақ манардай ақ халатты.
Еңбекпен ару атын ақтап апты.
Сапырып қымыз құйған Ғалияша
Шипа су ұсынады инабатты..
Майысып тағы бірі сыра ұсынып...
Барып көр айтсам достым тым асырып,
Кеш болса көк жаңғырта орған ойнап
Тастайды көңілдерді шын асырып.
Жиылған мұнша қауым шартараптан,
Ұқсайды теплаға жылжып аққан.
Кейбіреу бойын сылап бүлініпті-ай...
Ешбір жан болмаса да қарап жатқан.
Ортада Фатимадай әсем келін,
(Қалмайды жақсы болса әсері ненің).
Қалижан аға отыр Расулмен
Бөлісіп қайнардағы әсерлерін.
Кешірім, кетсем ашық төтеменен,
Сезімнің парызын бір өтемеген
Жандардай бұл кісілерде әзілдейді
Тағдырлас болса ғой деп Гетеменен...
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі