Мәңгілік ұлы халықтың
Бізге елдің еңбекші табы қымбат,
Бостандыққа бет алған жағы қымбат,
Екіталай жерлерде кезге ұшырап,
Жол тапқан ер сымбатты жаны қымбат.
От жүрек бізге таптың ері қымбат,
Ердің тап деп ант еткен кегі қымбат,
Бізге қымбат еңбектің иелері,
Сол иенің таянған белі қымбат.
Ер асқан, бізге жердің қыры қымбат,
Ердің тап деп жырлаған жыры қымбат,
Еңбекші елдің жоқшысы адал туған,
Тар күнде тұлға болған ұлы қымбат.
Әсіресе тартыс күн туған кезде,
Өзінше әр тап мақсат қуған кезде,
Жер қорқақ боп «білгіштің» кебі бұқпақ,
Ер боп туған от жүрек ұлдан өзге.
Ленин!— Ол ер, адал ұл, ол кемеңгер,
Ұл емес, оны айтқанда, ұл дегендер,
Кешегі зор маңдайда айқын көрді,
«Өңшең сорлы, ұлы жоқ, құл!» дегендер.
Ленин кім? Зарыққанда көрінген ұл,
Көңілі көп ісіне бөлінген ұл.
Қан майданда күреске талмай түсіп,
Тап ісіне барымен берілген ұл.
Ол майданда белінен кешіп қанды,
Маңдайдан тер ағызып, қинап жанды,
Тар күнде еңбекшінің кешін бастап,
Шам ұстап көш тізгінін қолына алды.
Жолшыбай, «арба сынып, өгіз өлді»,
Жер қан сасып, зорға алды ішке демді,
Қаңғыртпай, жарға жықпай, жаудан бұқпай
Таңына Октябрьдің алып келді.
Октябрь!
— Ол тарихтың ұлы беті,
Капиталдың таласып келген шеті,
Жарқабақтан төңкеріс толқыны ұрып,
Шалп ете түсті суға сасық еті.
Октябрь!
— Жаңа.дүние есігі ол,
Еңбекшінің мәңгілік бесігі ол.
Мәуесі салбыраған гүлді бақша,
Мәңгі азық таусылмас несібі ол.
Октябрь!
— Жер жүзінің шырағы ол,
Тап күрессе қолға алар құралы ол.
Адамзаттың көксеген келешегі,
Тап бітсе, мәңгілік жаз — тұрағы ол.
Октябрь!
— Жылы жүзді жазымыз ол,
Әкім ғып табынатын қазымыз ол.
Жүректегі қолқамыз, жұлынымыз,
Тіршілік ететұғын жанымыз ол.
Октябрь!
— Батпайтұғын күн анамыз,
Анадай оны еркін еме аламыз,
Күн сөнбесе, адаспақ емес жолдан,
Тура тартып, мақсатты таба аламыз.
Октябрь!
— Коммунизм босағасы!
Ленин — коммунизмнің қосағасы,
Күн сөнгенше Лениннің аты өлмейді,
Дәріптейді миллион еңбек жасы.
Құл болған алпауытқа қара шекпен
Тоқымдай жерге тырнап егін еккен,
Егінін егіп, орып, жинап, соғып,
Алпауыт сарайына барып төккен;
Жандарм төрелерден жеген қамшы,
Дірдектеп арқадан қан аққан тамшы,
Сол тұрмыстан теңдікке алып келген,
Ленинді, қане, оларға ұмытқыза алшы!
Қорлықты тастағанда одан арғы,
Көз көрді тоғызыншы январьды,
Патшадан жәрдем күткен жұмыскерді,
«Жәрдемші» зеңбірекпен отап салды.
Ленаның жұмыскері қырғын тапты,
Көпіршіп төгілген қан судай ақты;
Тағы да мыңдаған қол жаралы боп,
Ыңырсып, қанға батып шулап жатты.
Сол қаны кеппей жатып, бастап Ленин,
Сілтеді «анау ғой, деп барар жерің!»
Тар күнде көшін бастап, көсем болған,
Тіріде ұмытар ма ондай ерін.
Бұрынғы Россияның он, мен солы,
Күнбатыс, күншығысы, ойы, жоны,
Көрсеткен көзіне әкеп теңдік таңын,
Жер тозып, күн сөнгенше ұмытар ма оны.
Мынау қазақ, өзбек анау қалмақ,
Мәздем, еврей, жер жүзін етті шарлап,
Башқұрт, татар, түрікпен, мари, шуваш —
Бәрін де патша үкіметі қойған қарғап.
Құлдықтың екі шеті — Қытай, Қырым,
Солтүстік ел теңдіктен көрді ме, ырым?
Түйедей жетекке еріп, тарта берді,
Мұрыны неше жерден болып жырым.
Қазіргі бәрі азат, бәрі еркін,
Кез ашып, алшысынан киді бөркін.
Еңбегін көп жыл еткен ұмытар ма,
Лениннің көрмесе де кескін-кейпін.
Көксау боп өмірінде өткен кеуде,
Капитал қанды аяқпен тепкен кеуде,
Қысылып, демін ішке зорға алып,
Ісініп, сұрғылттанып кепкен кеуде,
Жүректен қан сорғалап аққан кеуде,
Ыңырсып, жәрдем кермей жатқан кеуде,
Неше жыл өліп-өшіп, арып-талып,
Октябрь таңын зорға тапқан кеуде.
Сол кеуде ұмытар ма, Ленин ерді,
Дәріні жарасына Ленин берді,
Лениннің атын айтса, көңіл өсіп,
Басына көтермей ме, шулап жерді.
Миллион сан балапандар, жас ұландар,
Бақытты ұяда ескен — жас қырандар,
«Лениннің өсиетін орындаймыз,
Жер жүзін гүлдетеміз!» деп ұрандар
Еңбекші әйел тобы көрген күндік
Ленинді, үн қосады, деп «біз білдік!»
Көрсеткен көзіне әкеп теңдік таңын,
Ұстар ма тірі күнде жолын кір ғып.
Қуарып капиталдың қашып түсі,
Ашытып у жұтқандай болып іші,
Лениннің атын айтса, құты кетіп,
Таусылмақ күннен-күнге кеміп күші.
Жер жүзі қанға әлі талай батпақ,
Буржуйлар қанды оғын сайлап атпақ,
Сондай ұлы күресте еңбекші тап,
Лениннің жарқыратып шамын жақпақ.
Сол шамды қолына ұстап сәулесімен
Адаспай жүрген жолдан тура тартпақ,
Атаған сайын әр кез Ленин атың
Бойында еңбекшінің күші артпақ.
Табаны тайғанақтар тая бермек
Баспана қылмақ ылғи саяны өрлеп,
Бірақ тап қажымайды, жалықпайды,
Күн санап құлашын кең жая бермек.
Ленин өлді, аты оның қалды мәңгі,
Өзі елді, бірақ салған жолы қалды,
Сол жолмен бір бұлтармай кел жүрейік
Жұмыскер, жалшы, малшы, қойшы, жарлы!..
1927
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі