Жайнаған жапырақтар
Біз тіккен былтыр қолдан бір топ шыбық,
Биыл да көріктеніп жапырақ шығып,
Мінекей ағаш болды көлеңкелі,
Сүңгідей әрі тіп-тік, әрі шынық.
Жыл сайын осылайша тіккен қолдан
Қаз-қатар сәулеттене оңнан, солдан,
Алматы көшелерін безендіріп,
Боп кеткен аллеялы қалың орман.
Қиықтап қораларға тіккен сирек,
Жемістің ағаштары салып түйнек,
Боялып түрлі түске шілде туса,
Үйіріп әкетеді көзді билеп.
Алматы сұлу едің мұнша неткен!..
Құлпырта газондарға гүлдер еккен,
Көз тіксең, күлімсірей саған қарап,
Секілді боп ,кетеді беттен өпкен.
Гүл жайнап бақшаларда құлпыра алма,
Аралар дәнін сорып бөксе балға,
Гүл түсті асыр салған топ балаға,
Жүгіре қосылады біздің Жанна.
Па, шіркін, қыздар қандай, жігіт қандай!..
Қарайсың тамашаға қызыққандай!..
Сымбатты сұлу жасқа көз тіккенде,
Боласың орта жасты ұмытқандай!..
Бұрылып қарай қойсаң сонда артқа,
Күмістей ақ сақалды, түсі нарттай
Бола ғап күн нұрынан, күлімсіреп,
Көңілді кескінменен отыр қарт та.
Мүмкін ол профессор, мүмкін қойшы...
Кім болса да секілді түсі ойшы...
Ол бол, сен бол, советтік бар адам бол,
Мынадай тамашаға, кәне, тойшы!..
Жоқ, тоймайсың, қарайсың тесіле сен.
(Шын көркемнің тоясың несіне сен!..)
Алматы теңіздің бір тамшысындай,
Аласың кең теңізді есіңе сен.
Қарасан, СССР-дың картасына,
Қарасан, төңірегі, ортасына,
Жеңістің коммунистік жазуы тұр,
Әр жапырақ, әр топырақ, әр тасында.
Алғанда большевиктер бір күн қолға,
Қосылып кете барды Волга-Донға.
Ілезде қалды өсіп жыныс орман
Ғасырлар құлазыған ылди-жонға,
Туысқан қол ұстасып Волга-Жайық,
Шөлдерге нелер құтсыз суын жайып,
Ағаш та, егін де өсіп, шеп те есіп,
Түгінен майы шығып кетті байып.
Шөлдерге тегіс орман өседі деп,
Әйтпесе аңызақ жел еседі деп,
Советтің бар баласы мектептерден
Теп-тегіс шығып жатыр Мичурин боп.
«Кендерді жерде жатқан меңгерейін,
Тіршілік тетігіне жем берейік»—
Деп советтік ұл, қыздар түгелімен
Шығып жатыр боп бір-бір Менделеев.
Жарыстан бойын іркіп, қалыс қала
Отырған бір адам жоқ, алысқа да
Көз тігіп, Жуковский сызған жолмен
Барғалы жатыр қазір Марсқа да.
Бұл шындық!.. Былай!.. Қиял секілді де.
Қиял емес, шынына кепілді де
Қолға әкеп ұстатып, күн нұрымен
Отырмыз еркін билеп эфирді де...
Осының бәрін жырлап ақын отыр,
Қиялы жырақ, өзі жарқын отыр,
Советтік азаматтың бірі болып,
Ол-дағы бар жемістен татып отыр.
Гүлді өміріміз жайнайды мәңгі ескірмей
Бақыт күн нұр себеді бір кешкірмей, —
Өйткені, бар қимылды өз қолынан
Партия өргізді бас диспетчердей.
Бұл бетте бөгелмейді ешбір әрлер,
Жеңіске коммунистік шықса ерлер,
Жамшылып жыландардай қала бермек
Трумэн сияқтанған арамтерлер.
Советтік құнарлы бай топырақ бар,
Сондықтан коммунизм татымақ бал,
Сонда жайнап өседі бақытты ел,
Сонда өседі жайнаған жапырақтар!..
1952
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі