Өлең, жыр, ақындар

Домбыраға

  • 13.08.2021
  • 0
  • 0
  • 750
Көп күннен серік болдым қасыңа мен.
Қарамай, сәби-бала жасыма мен,
Күндіздер түгіл, талай түндерде де.
Айырылмай, жастап жүрдім басыма мен.
Баладай, алғаш білген әліп-биді,
Қалтырап шек пернеңе қолым тиді.
Ақырда сауаттанып сол сабақтан,
Тартатын болдым талай ән мен күйді.
Мол екен ол ән-күйлер таусылмайтын,
Қазақтың өмірінен қаусырмайтын
Жоқ екен оқиғасы, бәрі ғажап,
Денені балқытатын, жан шыңдайтын.
Сыртыңнан бір көрмеге жобалғысын,
Еліңнің сөйлеп кетсең бергі-арғысын,
Арнасы алдыңдағы кеңи берген,
Тасыған долы өзендей бар ағысың.
Түбі жоқ сүңгіп көрсем тереңіңнің,
Гранит қаттылығы — кемеріңнің,
Ақырын үніңменен сан сырларды,
Ойларды толқытатын бере білдің.
Ұмытылып жатыр талай білгір, көсем,
Ұмытылып жатыр сөзден талай шешен.
Бал татып тілін, әр кез, жылдан-жылға
Көркейіп келатырсың сен-ақ есен.
Беріксің бұлжымайтын, сен тас ірге,
Жетіксің ел қолданған бар дәстүрге,
Бұрынғы жалғыздығың артта қалып,
Топталған, айналдың сен оркестрге.
Көбейді кәзір сенін, туыстарың,
Бірікті мызғымастай тұрмыстарын,.
Көп достың мархабатты қоршауында,
Қолыңа сен қазақтық ту ұстадың.
Бір түсті, әр жолақты бізде ту кеп,
«Ғажайып — десек бәрін — гүлден букет,-
Қырымның қызғалдағы сияқтанып,
Тұра бер, кен даламды күймен бүркеп.

1965


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Алматының көшесі

  • 0
  • 0

Кей қалада, мысалы, Көкшетауда,
Тыныстауға, егер де, шықсаң тысқа:
Барар ең алаңдағы еккен бауға,
Ағашы әрі сирек, әрі қысқа.

Толық

Аракстың бойында

  • 0
  • 0

Араксты жағалап біз келеміз,
Бергі беті біздікі, ар жағы Иран.
Екі жаға гранит, бейне көк мұз,
Кей тұс қорған сияқты, қолдан құйған.

Толық

Газеттің досы — тілшілер

  • 0
  • 0

Кедейдің соғып сойылын,
Кедейдің тілеп тойымын,
Ойлайтын қамын тереңнен,
Газеттің досы — тілшілер.

Толық