Өлең, жыр, ақындар

Батыр інім Бауыржанға

  • 13.08.2021
  • 0
  • 0
  • 1492
(50 жасқа толуына)

«Советтің саналы ер еркегі» деп,
«Жігіттің қыз қызығар көркемі» деп,
Бауыржан Момышұлы жер жүзінде
Тарапты барлық елге ертегі боп.
Барсам да қай континент, қай аралға,
Заманнан аз хабары бар адамда
Білмейтін Бауыржанды жан көргем жоқ,
Мен бұған қуанам да, таңданам да.
Айтайын ең алдымен қуанышты:
Қазақта ұл туғанмен талай күшті,
Жер жүзін тамсандырып, Бауыржандай
Есімі қайсысының хатқа түсті?
Ауылдың қалды кебі аумағында...
Бауыржан «Катюшадай» лаулады да
Өртесті фашистерді, сондықтан да
Таниды досы түгіл жау жағы да.
Батыста, жүрген ғылым тереңінде,
Ақылын, өжеттігін, өнерін де
Жыр етіп, Бауыржанның батырлығын
Таниды, бір-ақ шындық көлемінде.
Ежелден ертегішіл шығыс — кәрі,
Шындықтан шыға шырқап кетеді әрі:
Көреді қаһармандай тау көтерген,
Даусы — жер тітіреткен Әзірет-Әлі!
Білсе, егер, екенімді менің қазақ,
«Сендерде ұл бар ғой — деп — сондай ғажап!» 
Шуласып қамағанда қалың адам,
Жарылмай қуаныштан турам аз-ақ!
Айтайын таңданудың, енді, жайын:
Ұшқанын атақ-даңқы көрген сайын,
Келтірем көз алдыма Бауыржанды,
Кәдімгі жақсы адамды — қарапайым.
Білемін бұл жігітті ерте күннен:
Қаттыны нелер керім, ерте білген,
Шықты бұл қылыш болып майрылмайтын,
Советтік Армияның мартенінен.
Шықты да, жалан, қағып тұрды сапқа...
Отандық ұлы соғыс қызған шақта,
Ақылы, қимылымен, қайратымен,
Өзіне ие болды берген атқа.
Сол үшін Отаны мен халқы сүйіп,
Атаса кететұғын денесі иіп,—
Тарихқа кірді бұл да, дәл Зоядай,
Немесе, секілденіп — Маресьев.
Фашисті бұл батырлар қырып-жойды,
Азамат болды істері абыройлы,
Құрметпен сондықтан да, Бауыржанға
Жатырмыз елу жаста жасап тойды.
Шашуым осы-ақ болды тойға дайын,
Ел сүйген ерден мен де аймалайын!
Бауыржан!—
Ата-анаңа алғыс айтып,
Советтен сені өсірген айналайын!

1961



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Гвардеец бауырларға

  • 0
  • 0

Бір үміт халық күткен тағы ақталды:
Қирата қырқып фашист — жалдаптарды
Ерлері Қазақстан қан майданда
Жауынгер гвардия деп аталды.

Толық

Жастық туралы жыр

  • 0
  • 0

«Оян»
Деген есітіп таңнан ұран,
Мен көбіне таңертең ерте тұрам.
Далаға шықсам,

Толық

Аманкелді

  • 0
  • 0

«Қазақ! Халық батыры! Аманкелді!»
Деген күшті, зор атақ талай елді
Таңдандырды. Бір күні сол батырға
Тастан зіл, мұздан суық хабар келді:

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар