Қарабұлақ – Есей Жеңісұлы

Бұл бетте «Қарабұлақ» атты Есей Жеңісұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 16.08.2021
  • 0
  • 0
  • 1152
Әр тасы ән салатын,
Алыстан танылатын,
Таңды кеш қарсы алатын,
Түнді ерте жамылатын,
Киелі Қарабұлақ.
Орайды асқар шыңы,
Басына көк мұнарды.
Сыңғырлар тастан суы,
Тұп-тұнық ақ тұмаңды,
Сүйемін, Қарабұлақ.
Сұлулық тұрар тұнып,
Табиғат көрмесіне,
Тәңіртау тұмар қылып,
Қадаған кеудесіне,
Өзіңді, Қарабұлақ.
Шежіре – топырағың,
Қанша асыл басып өтті?!
Табынып отырамын,
Қартыңның қасиетті,
Сөзі үлгі, Қарабұлақ.
Ізім бар бөктеріңде,
Жанымның тамырысың.
Алыстап кеткенімде,
Өзіңе сағынышым,
Тәтті екен, Қарабұлақ.
Сен десе, жүрегімде,
Шаттық гүл атады екен.
Жайнай бер, түле, гүлде,
Ғажайып атамекен,
Ақ мекен, Қарабұлақ!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері