Бүгiн тағы көшемiн – Есей Жеңісұлы

Бұл бетте «Бүгiн тағы көшемiн» атты Есей Жеңісұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 16.08.2021
  • 0
  • 0
  • 563
Бүгiн тағы көшемiн.
Көшпендiмiн...
Көшiп жүрсем, ол менiң өскендiгiм.
Қорап көлiк үстiнде көрпе-жастық,
Көкiрегiмде – мұңдылау ескен жырым.
Не көргенiң, көрмегiң – бұйрық iсi,
Тiреледi қай тұсқа тiрлiк ұшы?..
Бiр қуысы ұзатып Алматының,
Бiздi күтiп тұрады бiр бұрышы.
Бұл тiрлiгiм тұрса да пайда бермей,
Көшiп жүрмiн өркенiн жайған елдей.
Жайлау, қыстау, күзегiн жылда аралап,
Жайланбас-ау айтулы бай да мендей.
Көшiп жүрмiн,
кезiм жоқ дамылдаған,
Ұлан едiм тауы бiр шағылмаған...
Түюлi жүк үстiнде талқанын жеп,
Дайын отыр көшуге жарым, балам.
Бiздей жанға болмайды ақыл қайғы,
Мен не десем, жарым да мақұлдайды.
Отырықшы делiнген өркениет,
Қазiр бiздi өзiне шақырмайды.
Көкiрегiмде – мұңдылау ескен жырым,
Көшпендiнiң ұрпағы – көшпендiмiн.
Тiгiлетiн жердi iздеп қара қосым,
Мың үмiтпен сол болды кешкен күнiм...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері