Терезем – Мерей Қартов

Бұл бетте «Терезем» атты Мерей Қартов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 11.09.2021
  • 0
  • 0
  • 707
Тереземді бір ашамын, бір жауып.
Қарамақпал түн келді.
Көңілдегі пәк ойларым бүр жарып,
жұлдызданып үлгерді.

Жыр-бөлмемнің сәл азайтсам жарығын,
сығалайды Ай кезбе.
Темірқазық, сені бірден таныдым.
Пайда болдың қай кезде?!

Қозғалады қоңыр салқын ағыстан,
қарашашым...
Терезем...
Тулатады жүрегімді алыстан,
Ертіс деген өр өзен!

Маңдайымнан алма-кезек өбеді,
мейірленіп әр ағаш.
Көшкен бұлттар тәтті мұңға бөледі.
Сезім кештім шала мас.

Оралдың-ау, тамылжыған таныс үн...
Ұзап кеткен өткен күз...
Жүрегімнің жиілетіп қағысын,
қол бұлғайды Көктем-Қыз !

Түн сейілді, талай мұңды ұрлаған.
Күн – Жанымның ұшында.
Бүкіл әлем сырын айтып тұр маған,
тереземнің тұсында.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері