Күрең жапырақ – Мағиза Құнапияқызы

Бұл бетте «Күрең жапырақ» атты Мағиза Құнапияқызы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 12.09.2021
  • 0
  • 0
  • 627
Түстікке қарай
Жөнеліп жатты құстар көп.
Жүрсеңші бірге!
Алдыңда аппақ қыс бар деп.

Сарылтқан әбден
Сағыныштарды аластап.
Сары күз емес
Күрең күз келсе жараспақ.

Арманы көкте
Болғанмен жерде тұрағы.
Күрең жапырақ
Жүзімді сипай құлады.

Аялап оны,
Алақанымды тосқанмен.
Нарқымды қалай
Теңестіре алам аспанмен?!

Күрсініп едім,
Ойымды бөліп бірақ та,
Телефон дауысы,
Таныс үн келді құлаққа.

“Жапырақ жауса,
Бір жақсы тілек тілеп қой.
Күрең жапырақ,
Күй толып кеткен жүрек қой!”

Күрең жапырақ,
Шашуы күздің шашылған.
Күз айтып қойды,
Сезімдерімді жасырған!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері