Өлең, жыр, ақындар

Музейде тұрған бесік

  • 14.09.2021
  • 0
  • 0
  • 466
Кім қарап жұмбақ сырды білген оңай,
Ойнатқан сәби күлкі күннен арай.
Жер-ана көзіндей боп, өзіндей боп,
Келдің сен, ескі бесік, мұнда қалай?
Айшықтап туған ай мен үркер көкті,
Кеудесін тіршіліктің сыр кернепті.
Тал бесік құндағында кімдер жатып,
Өзіңді түн жарымда кім тербетті?..
Бір ұқса бесік жырын ақ таң ұғар,
Алдында ана жүрек ақтарылар.
Шошынса сәби түнде ырым етіп,
Күйдірген әр жерінде дақтары бар.
Анамын, гүлге де алаң, күнге де алаң,
Болса деп сәбиім көз, тілден аман,
Келеді құлағыма қай уақыттың
Дауысы нәрестедей іңгалаған.
Қақпасын ерке өмірдің жылдар қақты,
Көмкерді күн көзімен гүлдер бақты.
Жарыққа жас құрақтай кім талпынып,
Ішінде бұл бесіктің кімдер жатты?
Ел сүйген қаратпасын ерді есікке,
Өмірді өкінішпен енді өксітпе.
Кім білсін, өмір сүріп кетті ме екен,
Ауысып тал бесіктен жер бесікке...
Көңілім шертеді әсем ән-күй менің,
Қалайша күн тұрғанда қалғиды өмір?
Қолымнан келсе мынау бесікке сап,
Келеді бар әлемді әлдилегім.
Ақ бесік туған жердің терегінен,
Хабарсыз болдым өткен дерегіңнен.
Жұлдыздай сан сиқырлы сыр маржанын
Теремін ой-теңіздің тереңінен.
Ауырды сені көріп сау жүрегім,
Анамның елестетіп тал білегін.
Көздерім түспей қылыш, семсерлерге,
Назарым саған неге ауды менің?
Етпеймін тірлігімді елге міндет,
Өнерді түсінбеймін «ермегім» деп.
Аналық жүрегімді бесік етіп
Тұрамын өмірді бар тербегім кеп.
Мен білсем, ұлы бесік жер дегенің,
Жеріме өлмес өмір берген елім.
Қолымнан келсе, күнді нәресте ғып,
Жылатпай мәңгі-бақи тербер едім.
Тартып ап табиғаттың бермегенін,
Алады бар азығын жерден елім.
Қолымнан келсе, жерді бесік етіп,
Өмірді өмір бойы тербер едім.
Қарызын болар елдің өтегенім,
Өмірді нәресте ғып көтеремін.
Қолымнан келсе, барлық адамзаттың
Айналып бесігіне кетер едім.
Тілдескен тәкаппар тау, мұнарамен,
Көңілге өмірді ойлап мұң орап ем,
Бір кезде әлем тану музейіне
Айналып кете ме деп мынау әлем.
Уақыттың қойнауынан құн сұраған
Қадірін бұл өмірдің білсін адам.
Көгіне жұлдыздардан қоңырау таққан
Тербеліп жер-бесігім тұрсын аман!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Сылаң белдер сіміріп бір күйді алау

  • 0
  • 0

Сылаң белдер сіміріп бір күйді алау,
Сусып төмен түсіпті ақ желегі.
Таза ауадан майда қоңыр бұйралау,
Көктем иісі келеді...

Толық

Іздерден түрлі құралған

  • 0
  • 0

Іздерден түрлі құралған
Соқпак, қой өмір бұралған.
Күтіп тұр мені бір үміт,
Күтіп тұр алдан бір арман.

Толық

Кешіктің...

  • 0
  • 0

Сен енді келеді деп күтпе мені,
Күтудің тимес жанға түк көмегі.
Бір кезгі шимай-шиыр іздерімді
Көрсетпей күміс түстес шық көмеді...

Толық

Қарап көріңіз