Албырт шақта қадірін сездім ненің – Қанипа Бұғыбаева

Бұл бетте «Албырт шақта қадірін сездім ненің» атты Қанипа Бұғыбаева жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 14.09.2021
  • 0
  • 0
  • 658
Албырт шақта қадірін сездім ненің,
Сөз білмедім, білгенді көзге ілмедім.
Өткізіппін басымнан ауыспалы
Табиғаттың қайталап мезгілдерін...
Бақыт кешем еске алып сәтті аяулы,
Көктемдегі естіген таппай әнді.
Жасыл түстер айналып сары түске,
Сары түсім жамылар ақ бояуды...
Еседі жел қыңсылап қара күшік,
Жерге жылап тамады жаралы шық.
Жалын жыры соғылып жұлдыздарға,
Жаңғырық сап жастығым барады ұшып.
Үмітпенен атырдым ақ таңдарды,
Ақ таңдарым күнімді сақтар мәңгі.
Торын үзіп кете алмай тіршіліктің,
Бір шаба алмай шабытты шақтар қалды.
Еш нәрсемен баса алмай өртін іштің,
Жер-ананың көз жас пен дертін іштім.
Өмірден бір өмірге өтіп барам,
Үнсіз тартып сырнайын өкініштің...
Өз мұңымды өзгеге сездірмедім,
Оңып бара жатқандай тез гүлдерім.
Табиғаттың еске сап әр маусымын,
Кел, келе бер, мінезді мезгілдерім!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері