Тұрмағамбет

Қазақша өлең мәтіні, өлең жолдары және толық нұсқасы.

  • 18.09.2021
  • 0
  • 0
  • 497
Емес ол бұл өмірден күліп өткен,
Тілесе – төтесінен тіліп өткен.
Қылп етіп сөз найзасы тиген жердің
Бұрқ етіп шығады екен күлі көктен.
Болмаған ұсақ-түйек, сірә, майда,
Өнерде еліктеген ұлы Абайға.
Өлеңін құрық қылып сілтегенде,
Құтылып кете алмаған құралай да.
Ордада өзі болған білімдінің,
Демеген сөзім – сорым, тілім – мұңым.
Жетімдік жеті жаста-ақ келген жетіп,
Көп көріп қызық дәурен – құлын күнін.
Ырғағы уақыттың тоқтасын ба,
Қарайлап қарап қалмай от басына,
Таланы талап етіп тұрғаннан соң,
Тағдырдың мойынсұнған ноқтасына.
Тірлікті көріп талай тәңір атқан,
Көзден жас, кеудеден күй аңыратқан.
«Өлеңмен он бір буын он ай жазып»,
Шалқыды «Шахнама» шаңырақтан...
Болса да қиян өткел, азапты жыл,
Тағдырын қиды саған ғажап ғұмыр.
Қалың ел лебізіңе болған тәнті,
Қаз басқан киіз үйлі қазақ түгіл.
Көремін тұлғаң биік, дара өзіңді,
Бас шұлғып, оқыр сүйіп бәрі өзіңді.
Бар сөзің том-том болып тарап жатыр
Аралап Орал, Торғай, Хорезмді.
Көрейін әлі талай тұлғаңды өрде,
Кенде емес кісің едім жырдан мен де.
Шалқақтап ешбір шайыр кете алмаған
Қасында Тұрмағамбет тұрған жерде.
Емес ол бас сауғалап қорғалаған,
Сүйретіп тіл тізгінін зорламаған.
Қандырып айызыңды айтқан сайын,
Тайпалып топ алдында жорғалаған.
Жыр жазсам заман жайлы, далам жайлы,
Көңілім саған ылғи алаңдайды.
Туса да талай дүлдүл, талай бұлбұл,
Бәрібір Тұрмағамбет бола алмайды!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Тұрмағамбет өлеңінің авторы кім?

Серік Тұрғынбеков — осы өлеңнің авторы.

Тұрмағамбет өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін онлайн оқуға болады.

Тұрмағамбет өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Серік Тұрғынбеков өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Тұрмағамбет өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні мен шумақтары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері