Таудағы түнгі сурет – Несіпбек Айтұлы

Бұл бетте «Таудағы түнгі сурет» атты Несіпбек Айтұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 22.09.2021
  • 0
  • 0
  • 1027
Әдейі қолмен әкеп қойғандайын,
Шыңға кеп сүйей қалса ай маңдайын,
Жамырап шыға келер қарсы беттен
Ақ нұрға алақанын жайған қайың.
Тау іші тына қалып сілтідейін,
Сырғиды қараңғылық бұлты кейін.
Төменге себезгілеп түскен сәуле
Тиеді тас түнекке түрпідейін.
Бозарып жота-жондар алауытқан,
Жартастар жалтырайды талауытқан.
Ай нұры аппақ сүт боп құйылады,
Қара астау – тау қойнына қарауытқан.
Көрініп бірте-бірте сай табаны,
Көңілің алабұртқан жай табады.
Іркіліп қараңғылық қара судай,
Қайсыбір қалтарыста шайқалады.
Сияқты саз бергендей алаша таң,
Қарайсың айналаңа балаша таң.
Түскендей иығынан алып таудың
Кенеттен сыпырылып қара шапан.

1978-1979


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері