Өлең, жыр, ақындар

Отызбен сырласу

  • 23.09.2021
  • 0
  • 0
  • 696
Жаныма сыйлап от ізгі,
Алысым түсті жақындай.
Жырлай алам ба отызды
Арындап Тұман ақындай?! (Тұманбай Молдағалиев)
Айып па терең бойласам,
Отызым – кезім сайысар.
Он сегізімді ойласам,
Қабырғам бірақ қайысар.
Көкала көйлек гүл көктем
Кейінде қалды қол бұлғап.
Көсіле шапқан дүрмектен
Кеудемде күй боп толды ырғақ.
Отыздың жүгі тіпті мол,
Айту да қиын ауыр деп.
Оңың мен солың түп-түгел –
Сыйласар аға-бауыр көп.
Отызға жетсем болғаны,
Кетемін деуші ем құлаштап.
Тым жұмбақ екен орманы,
Тауы да биік, тым асқақ.
Алдырмас сырын ол әлі,
Бағамын аңдып әр күні.
Екен ғой тентек бораны,
Және де дүлей жаңбыры.
Найзағай оты көгімде
Тұрады күн-түн жарқылдап.
Мен ойлағандай, тегінде,
Жоқ екен мұнда салқын бақ.
Қақтығыс, күрес бар мұнда,
Бар екен жаншыр салмақ та.
Тереңге сүңгіп алдың ба,
Аласың дереу самғап та.
Қояма-қолтық кеп тұрмын,
Мен жығам, бәлкім, ол жығар.
Менімен құрдас көп құрбым
Отыздың сырын енді ұғар.

1980



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Биік болса...

  • 0
  • 0

Шын жүйріктің естілер ел шетіне дүбірі,
Көк есектің адымы ашылмайды ғұмыры.
Толып жүрген шық бермес Шығайбайлар ішінде,
Атымтайы жігіттің Амангелді Дінұлы!

Толық

Қоштасу

  • 0
  • 0

Қош­есен бол, кіндік қаным тамған жер,
Кім болғаны сені ұмытса жалғанда ер?
Жүрегімді жібек жіптей кеміріп,
Өле­өлгенше қара күйе – арман жер.

Толық

Әке

  • 0
  • 0

Төсеніп топырақтан текеметті,
Қойнына қара жердің әке кетті.
Түгендеп тау мен тасты, ой мен қырды,
Күн астын қаншама жыл мекен етті.

Толық

Қарап көріңіз