Тыныштық – Жұмекен Нәжімеденов

Бұл бетте «Тыныштық» атты Жұмекен Нәжімеденов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 26.09.2021
  • 0
  • 0
  • 1290
Кім үзеді өзі әлсіз, жіңішке ойды?
Тыныш дейді дүние, тыныш дейді.
Бірақ шыңды бұлт болып буды қайғы,
бірақ бұта дамылсыз судырайды.
Қайнап жатсын миында мың іс мейлі —
тыныш дейді дүние, тыныш дейді.
Бірақ мың үн маңайға тарайды үдеп,
күшік-бұлақ көк тасты жалайды кеп.
Үй шатырын ай нұры күмістейді —
тыныш дейді дүние, тыныш дейді.
Бір көлеңке, бір сәуле — ала-құла,
ала-құла үн берер қала мына.
Ой шатысты оралып жабағыға,
жел жығылды сүрініп балағына.
Сары жапырақ бұтадан құлап өлді —
қайдан болсын тыныштық бұл әлемде!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері