Қара өлең
Бұл бетте «Қара өлең» атты Жұмекен Нәжімеденов жазған поэзия туралы өлең берілген. Өлең мәтіні, текст, өлең жолдары және толық нұсқасын осы жерден оқуға болады.
Күпі киген қазақтың қара өлеңін
Шекпен жауып өзіне қайтарамын.
М.Мақатаев
Өлеңіне қазақтың күпі кигізер едім,
күпісі бар өзінің — керегі не, керегі.
Өлеңіне қазақтың шекпен кигізер едім,
Шекпені де бар оның — керегі не, керегі.
Абай — жырды құрметтеп, ырза етейін дегенде
жаңа киім іздеген күллі әлемдік көлемде.
Фрак жапқан жырға асыл —
Жырласа сол жырласын:
Өзі киген күпіні — кигізген жоқ өлеңге.
Ойлар ашты басқа өңін,
Жырлар туды жас көңіл —
демек, кигізді өлеңге ол Европаның костюмін:
Пушкин, Байрон, Гетенің өлеңінің өтін ап
құйған сын-ды ол:
Бір ерек құнар тапты топырақ.
Сондықтан да жырда Абай шындық ашты бір ұлы:
Қаламдардың сырылы,
қанжарлардың шыңылы
араласты тасқын боп азап табы, мұң үні —
Уақыт туды осылай өлеңдерді ұлы-ұлы.
Ақын қаққан күпінің шаңы жатыр құзда әлі,
Әйтеуір, сол күпіден "шыққан жұртпыз" біз дағы.
Жаңалықтан жалтақтап,
Суық сезсе шекеміз,
Күпісіне Абайдың әлі сүңгіп, кетеміз.
Қара өлеңдер жасасын! — салмақты, еркін, терең де өр,
Костюм киген ақындар,
күпі киген өлеңдер!
О, сыпайы жаңашыл!
Жел өтінде дірілде —
Шекпен түгіл макентож ескіріп жүр бүгінде.
Киім — мода, өлең-жыр мода емес қой, дегенмен
киімнің де сән-көркі көрінген жөн өлеңнен.
Саптама етік кимейді қазір қазақ өлеңі,
Содан шығар, көп жыршы — жалаң аяқ келеді.
Менсінбей жұрт ескіні,
Жаңасына жете алмай,
Қалам ұстап отырамыз біз де, достым,
Күпі киген ақынның
Костюмді ойы — тамаша,
Киіндірген Абай тек қара өлеңді жаңаша.
Қағып-сілкіп күпіні — шекпен алған сол ақын —
Шекпен киген кешегі Мұқағали болатын.
Тапқаны ғой әркімнің,
Соған ұқсас сый біздің:
өлеңіме өз басым өкшелі етік кигіздім.
- Шәкәрім Құдайбердіұлы
- Әл – Фараби
- Төлепбек Жантай
- Есбол Бозан
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі