Өлең, жыр, ақындар

Танабай

  • 28.09.2021
  • 0
  • 0
  • 595
Репрессия құрбандарына арнаймын.
Автор

І
Арбамен құла дүзде қаңғып жүрген,
Арқада Танабайды әркім білген.
Мүгедек – екі аяғы тізеден жоқ,
Қарақшы, қашқын да емес ел бүлдірген.
Сүйеніп қайрат­күшке қолы берген,
Қос балдақ көтереді оны жерден.
Жеккені арбасына екі бие,
Құлдырап құлындары соңына ерген.
Шүйкедей қасындағы кемпірімен,
Жаз келсе жолға шығар жер түбінен.
Сұсты көз, қуарған жақ, түкті қабақ,
Сұрланған сескенеді ел түрінен.
Бәрі де керегінің арбасында,
Сүрленген жолазығы дорбасында.
Сұрмерген сілтегенін қағып түсер,
Басулы шолақ мылтық жамбасында.
Күркедей үсті жабық көлігінің,
Бүркеулі түкпіріндей көңілінің.
Сығандай сырғып көшкен Танабайдың
Сыры көп бізге жұмбақ өмірінің.
Жаратқан жәрдем берер сүйенгенге,
Күн батса қона кетер иен жерге.
Басына бір бұлақтың қосын тігіп,
Жатады жалғыз өзі қиян белде.
Қос бие – әрі сусын, әрі көлік,
Байлайды қонған жерге желі керіп.
Бірер күн еру болып сол арада,
Жөнейді көкбөрідей тағы желіп.
Ешқашан елең қылмас жол қашығын,
Кезіккен аша бермес жанға сырын.
Байланып қымыз толы қара торсық,
Жүреді қанатында арбасының.
Түнейді, қайда ескі жұрт, сонда барып,
Өлем деп ойламайды жолда қалып.
Қобыздай шерге толы көкірегі,
Төгеді ащы зарын желге налып.
Күбірлеп сөйлеседі тау­таспенен,
Сыртынан көрген жандар науқас деген.
Жалықпай шиырлайды, әсіресе,
Шұбартау екі арасын Балқашпенен.
Қылығы ұқсамайды жай адамға,
Мүсіркеп, шамданады аяғанға.
Үй тауып бір ауылдан паналайды,
Қылышын сүйретіп қыс таяғанда.
Ешкімді жақын тартып, дос тұтпайды,
Үйіне именген жұрт бас сұқпайды.
Көзіне көк шыбынды үймелетсін,
Көндігіп мына өмірге бастықпайды.
Алпыстың жетеуіне келді жасы,
Қай жерде қалар екен сорлы басы?
Күңіреніп күн мен түнді өткізеді,
Серігі – кемпірі мен домбырасы.
Тірлігін Танабайдың жан ұқпайды,
Ол­дағы жалғыздықтан жалықпайды.
Даланы ала жаздай шарлағанмен,
Алдынан іздегені жолықпайды.
Таптырмай, амал қанша, аңсағаны,
Күрсініп домбыраға қол соғады.
Күндермен алыс қалған тілдеседі,
Елестеп жүріп өткен жол сорабы.
Он саусақ жорғаласа перне бойлап,
Толқиды, түнереді әр нені ойлап.
Көлігін жылжып көшкен тіршіліктің
Бір жерге тұра алар ма пенде байлап?

ІІ
Өзгеріп көз алдыда қайран заман,
Кезікті ұлы нәубет ойға алмаған.
Аңырап атажұрттан аударылып,
Сібірге бай қалмады айдалмаған.
Байғұстар сол кеткеннен алыс кетті,
Жазбапты қайта айналып көріспекті.
Жамылып мәңгілікке мұз топырақ,
Қойнынан Итжеккеннің қоныс тепті.
Айдалды жер түбіне Танабай да,
Қарсылық көрсетуге шама қайда?
Еліне ұшқан құстан сәлем айтты,
Таба алмай одан басқа амал­айла.
Бір кезде ойнақтатқан сәйгүлігін,
Кім таныр Итжеккенде байдың ұлын?
Тырмысып шана тартқан иттей болып,
Сүйреді азап пенен қайғы жүгін.
Табанын туған жерден тайдырғалы,
Тұйыққа тіреледі ойдың бәрі.
Кедейдің ырыздығы бай емес пе,
Келтірді кімге зиян байдың малы?
Бай болып туған дейсің кім анадан,
Дүние жинала ма құрамаған?
Бір басқа, біреудікін тартып алса,
Жөн бе екен малың көп деп кінәлаған?
Өмірдің екі жағы бірдей ме еді,
Теріскей шуаққа зар күнгейдегі.
Байларға көз алартқан кедейлерге
Тірнектеп мал жинаса кім қой деді?
Бай болмақ, кедей болмақ бір құдайдан,
Ішесің бір күн шалап, бір күн айран.
Қылыштай жалаңдаған мына жалған,
Кім білсін, шығарады кімді қайдан?
Танабай осылайша пайымдайды,
Жүрегін жегідей жеп уайым­қайғы.
Тәңірге жалбарынып жылағанмен,
Мелшиген аспан жауап қайырмайды.
Арттағы қалың елден жоқ хабары,
Асаудай бұлқынады ноқтадағы.
Күндіз­түн көзін аңдып күзетшінің,
Қашуға ебін тауып оқталады.
Бермесе тағдыр мұрсат қалай қашар,
Қол созып тірі жан жоқ қарайласар.
Төбесі жақсылықтың көрінбесе,
Жамандық өз дегенін оңай жасар.
Тірлігің тозақпен тең бес күн қонақ,
Соңыңнан қырсық қуса бастырмалап.
Мертікті ағаш кесіп жүргенінде,
Құлаған қарағайдың астында қап.
Амал не тарттырған соң ғұмыр бейнет,
Қырқылған қалды қара түбірдей боп.
Босатып түрмеден де қоя берді,
Асырау мүгедекті шығын ғой көп.
Таусылып табанының ізі осымен,
Жер басып жорғалады тізесімен.
Күн кешті қолын жайып қайыр сұрап,
Қайнаған көкіректе ызасымен.
Сарғайып сағыныштан қаталады,
Төрт болып екі көзі боталады.
Көрінсе арманы жоқ, өзге түгіл,
Даланың жалпылдаған жапалағы.
Шарлаған бабалары, аталары,
Арқаның елестейді жоталары.
Елінде күліп­ойнап жүрмес пе еді,
Келмесе қызыл қырғын топалаңы.
Арада аунап жылдар төңкерілді,
Жас емес, қара көзден қан төгілді.
Жалғасқан тәркілеуге ашаршылық,
Обадай отап кетті қанша өмірді.
Қылмады «отыз жеті» кімді кекті,
Жақсыны түгел жайпап тұлдыр етті.
Үстіне жығылғанның жұдырық боп,
Соғыстың ойран салып қырғыны өтті.
Қырсықтың кесе түсіп көлденеңі,
Жоқ, сірә, Танабайдың көрмегені.
Тозаққа кіріп шыққан шыбын жаны,
Демесең әлі күнге өлмегені.
Қаңбақтай дедектетіп дөңгелеткен,
Налиды тағдырына ермек еткен.
Қанат қып қолтықтағы қос балдағын,
Сүйретіп құр сүлдерін елге жеткен.

ІІІ
Есігін шыр еткенде күліп ашқан,
Өмірден көз қорқады сұры қашқан.
Кең дала боздақтарын күнде жоқтап,
Тұрғандай ішін тартып ұлып аспан.
Жаратқан құдай өзі ойын зерек,
Өзгеден Танабайда уайым бөлек.
Соғыстың мүгедегі болмаған соң,
Күтпейді өкіметтен қайыр­көмек.
Көрінер бай баласы күдікті әлі,
Қайғысын жатыр мұның кім ұққалы?
Белсенді, әпербақан, шолақ етек,
Шетінен атқа мінген – ұлық бәрі.
Қамшылап көк шолағын өрден­өрге,
Сенеді коммунизм бар дегенге.
Халқының қасіретін сезінбейді,
Ұқпайды – кімдер қожа жер мен елге?
Кеткендей құты қашып шөпті жердің,
Тұқымы тозып біткен тектілердің.
Тырп етіп бас көтерсең төбеңді ояр,
Тепкісі «тап жауына» кектілердің.
Бірліктің, берекенің оты жанбай,
Тірліктің дәмі кермек татығандай.
Азамат жібі түзу аузын жапты,
Айтуға ақиқатты дәті бармай.
Жансыз көп ізін бағып, сөз аңдыған,
Салған соң құдай басқа төзер бұған.
Бақадай шулап жатқан өз ауылы
Кетпейді жатса­тұрса көз алдынан.
Қайықтай дауыл қуып қалтылдатқан,
Тағдырдың теңізіне әркім батқан.
Қосылып төсекте бас, төскейде мал,
Ел қайда ұлан­асыр шалқып жатқан?
Адасқан үйірінен керқұладай,
Құлазып күн кешеді енді қалай?
Ауылы аумағымен типыл бопты,
Аштықтан қырылғанда ел қынадай!
Езіліп елжіреген ет жүрегі,
Күрсінсе көкірегін тепкіледі.
Арқаның тынбай соққан қоңыр желі
Көз жасын енді қайтіп кетіреді?
Түп­түгел қалмап па еді бәрі осында,
Тізіліп Бақанастың жағасында.
Құдай­ау, қайда кеткен, қайда кеткен
Ғайып боп қас пен көздің арасында?..

ІV
Заманда қиыс келіп, қырын басқан,
Қисапсыз біздің қазақ қырылды аштан.
Ғайыптан өлмей, аман қалғандары
Қаңғырып Қытай асқан, Қырым қашқан.
Ауылы ірісі еді Танабайдың,
Бес болыс жонда жатқан Жобалайдың.
Өрбіген өркен жайып қауым еді,
Салалы бұтағындай қарағайдың.
Бұрылып біраз жерге жол ортадан,
Келерміз сәлден кейін соған таман.
Шықпасақ жүрген ізін түгел шолып,
Шолтиып сөз аяғы болар тәмам.
Жасында қанып ішкен мөлдір көлден,
Жадында қалған елес сол күндерден.
Жолдасы Жарқынбайға еріп барып,
Шақпақта Шәкәрімнің алдын көрген.
(Шақпақ – жер аты)
Сол кезде жетпісті ақын алқымдаған,
Көңілі сұм өмірден салқындаған.
Қызығын тіршіліктің салады еске
Тұғырда қыран құсы шаңқылдаған.
Селдіреп ақселеудей шаш қуарған,
Ойлы көз шүңірейген, жақ суалған,
Боз қабақ, маңдайдағы терең әжім,
Дегендей өкінішпен өшті жалған.
Жарқынбай – бақыршысы қасындағы,
Күзетші саят қора басындағы.
Ақынның жанын ұққан момын жігіт,
Барлық сыр соған мәлім осындағы.
Сыңайын сұрқыл заман ұғып көптен,
Шығандап елден ақын шығып кеткен.
Түн болса терезесін күзетеді,
Телміріп жарық жұлдыз тұнық көктен.
Жабыққан жапандағы жалғыз лашық,
Қиянда – жолдан бұрыс, мойны қашық.
Адасқан жолаушыға белгі беріп,
Күн батса жылтырайды сәуле шашып.
Алыстан түсіреді көзге мұны,
Шұбалған көк түтіні күндіз­түні.
Даланың шежіресі төрінде отыр,
Үйіріліп бір басына дүние мұңы.
Сылдырап іргедегі қара тұма,
Өмірдің үн қосады санатына.
Қарт Шыңғыс қалғып кетсе оятады
Сұңқылдап байғыз ғана ара­тұра.
Талайды қатал тағдыр телмеңдеткен,
Жақсылар жапа шегіп елден кеткен.
Солардың басқан ізін, уа, дариға,
Іздесең таба алмайсың жер мен көктен.
Өмірдің тоқтата алмас мәңгі көшін,
Сұм заман шығарғанмен елдің есін.
Тыңдаған Танабай да ұзақ таңға
Тебіреніп, түптен тартқан әңгімесін.
Тамызып қызыл тілден сөздің майын,
Толғаған ақын сонда елдің жайын.
Маздаған Жарқынбайдың жаққан оты,
Көрігі әңгіменің қызған сайын.
Күңіреніп көкірегі күрсінді ұзақ:
«Түсті, – деп, – ел мойнына темір тұзақ.
Қан төгіп келген қызыл өкіметтің
Мінезі мың құбылған сенімсіз­ақ.
Білмеймін, елдің күні не болады,
Ұйтқыған басылмаса зобалаңы.
Торғайдай тентіреген біздің қазақ,
Түбінде бүйте берсе жоғалады.
Кетіп тұр қажыр­қайрат Алаштан да,
Орыстың оғы дайын жақ ашқанға.
Қара жер қатқан көндей қусырылды,
Кетпесек құс боп ұшып көк аспанға.
Түнерген қалың тұман – мұнар заман,
Ашық күн көрсетпейтін шығар маған.
Сескенем сөзім зая кете ме деп,
Алпыс жыл қағаз бетін шұбарлаған.
Сездік қой сұм жалғанның сырын мына,
Жем қылған жазықсызды жырындыға.
Аманат екеуіңе қалдырамын,
Боларсың біреуіңе бірің куә.
Күн өтер, айлар көшер, жыл алыстап,
Бітпейтін қу тірлікпен кім алыспақ?
Тіс жарып, тірі жанға айтпаймыз деп,
Ант етіп, серт беріңдер Құран ұстап.
Артқыға қарайлаймын, алаңдаймын,
Белгісіз – қай жырада қалам қай күн?
Топан су қаптамаса, мына дүние
Түзелер түбінде бір деп ойлаймын.
Байқаймын, жұрттың халі төмендейді,
Халықты зұлым қоғам көгендейді.
Ажалдан қорқып­қашып отырған жоқ,
Соңында сөзі қалған жан өлмейді.
Тіреліп ел тағдыры жар басына,
Кім кепіл шын сұрапыл болмасына?
Қорлатпай, отқа жағып жіберіңдер,
Көздердің жетсе заман оңбасына.
Дүние айналған соң шыркөбелек,
Сорлаған менің сөзім кімге керек?
Құрт түскен өзегіне көп тобырға
Ол кезде айту қиын бірдеңе деп».
Үн­түнсіз екі жігіт тұнжырады,
Айтуға сөз таба алмай қынжылады.
Ортада қағаз толы ала қоржын,
Алдыда атар таңы түннің әлі...

V
Сол бір түн Танабайдың есінде әлі –
Сөзінен қарт ақынның шошынғаны.
Дегендей сен не дейсің қарай берген
Жалтақтап Жарқынбайға қасындағы.
Жас келіп жанарына мөлтілдеген,
Жарқынбай екі сөзге келтірмеген.
Ақырын ізетпенен басын иіп:
«Қажеке, айтқаныңыз болсын!» – деген.
Жылдардың артта қалып белеңдері,
Қаншама уақыт өтті содан бері.
Көмулі Жарқынбайдың қорасында
Ақынның жасырынған өлеңдері.
Түбімен тып­типыл ғып орған отап,
Халықты қырып­жойған келген апат.
Күңіреніп тошаласы құлазып тұр,
Шәкәрім әлдеқашан болған опат.
Отыз жыл ақын жатқан қара құдық,
Шығарып сұмдық дауыс аракідік,
Маңайын тітіретіп түн ішінде,
Қорқаудың көмейіндей алады ұлып.
Қылығы көрінсе де тосын елге,
Түнейді жылда келіп осы жерге.
Ұмытпас Құран ұстап берген антын,
Кіргенше қу томардай басы көрге.
Жүрегі іздегенмен аласұра,
Ақынның көрінбейді қарасы да.
Қыстығып, құсаланып қиналады,
Жанының тұз сепкендей жарасына.


Ошаққа су құйғандай жанып тұрған,
Сұм өмір қанша жанды ғарып қылған.
Қайнаған тіршіліктің базарында
Бәтешті ойда жоқта жолықтырған.
Ауылын жалмағанда қанды заман,
Ғайыптан тірі қалған жалғыз адам.
Ел­жұрттың сай­сүйегін сырқыратып,
Екеуі көріскенде көп жылаған.
Сол Бәтеш бәйбішесі қасына ерген,
Оның да талай жерге жасы келген.
Танабай Итжеккенде жүрген кезде,
Зұлматын Голощекин осы көрген.
(Голощекин Филипп Исаевич – 1931­32 жылдары Қазақстанда ашаршы­лықты қолдан ұйымдастырған партия басшысы)
Тігерге тұяқ қалмай белдеудегі,
Қаңырап үйдің ішін жел кеуледі.
Шиқылдап балапандай бала­шаға,
Қолына шешесінің телмеңдеді.
Бір түйір тіске басар талшық қалмай,
Өзегі талды жұрттың, қаңсып таңдай.
Далаға безіп кетті ит пен мысық,
Қу тірлік оларды да қорқытқандай.
Тағдырдың тура қарап кім бетіне,
Құдайдың қарсы келер құдіретіне?
Аш адам әлсіреген нәр сызбаса,
Көп болса шыдай алар бір жетіге.
Кеткен соң күнкөрісі – қолдан малы,
Қазақтың шыныменен қор болғаны.
Көгеріп, ісіп­кеуіп қол­аяғы,
Аштыққа ұрынбаған жан қалмады.
Батпады жастың тісі кәрі тұрмақ,
Қайнатып қажағанмен тері­тулақ.
Қосылып аштықпенен асыр салып,
Торыды ауыл маңын бөрі шулап.
Сұрланған суық жүзін жасырмастан,
Есіктен ажал кірді тосылмастан.
Үн­түнсіз қара тұтты киіз үйлер,
Таңертең түндіктері ашылмастан.
Сүйеніп от басында бір­біріне,
Қанша жан қош айтысты тірлігіне.
Қазақтың қатер төнді жаралғалы
Жалғасып өсіп­өнген кіндігіне...
Паналап өлгенде де жанашырын,
Бауырында бөбек жатты анасының.
Көздерге ұясында ашық қалған
Быжынап үймеледі қара шыбын.
Үзіліп үміттері, сағы сынып,
Тірілер босып кетті жан ұшырып.
Шұбырған әлі құрып, ілби басып,
Жаяудың жарытпады шаңы шығып.
Жан беріп жапан түздің шалғайында,
Шашылды қалың өлік жол бойында.
Жұтылды көмейіне байғұстардың
Құрғаған қызыл тілі таңдайында.
Сұмдығын әлі айтады елге біздің,
Сорабы сол нәубеттен қалған іздің.
Тоя жеп тегін жатқан адам етін,
Ит­құс пен қарық болды қарға­құзғын.
Мейірім түсірмесе Алла ғана,
Жан сақтар жер қалмады кең далада.
Кебінмен көрге түссе пенде, шіркін,
Сүйегін ит сүйретіп қор бола ма?..
Қазақтың өткен зұлмат даласында,
Көргеннің жүрегінің жарасында.
Сөйлейді сорлы Бәтеш болған жайды,
Солқылдап жылап алып арасында.
Танабай түнереді, тұнжырайды,
Үңгиді көкірегін мұңлы қайғы.
Келмеске көшіп кеткен туыстары –
Қол бұлғап бір қиырдан бұлдырайды.
Кептеліп өксік келіп өңешіне,
Түседі өткен күннің бәрі есіне.
Ұмытып қасындағы Бәтешті де,
Солардың ілеседі елесіне.
Айтуға қасіретін тіл жетпейді,
Үміті үсік шалған дірдектейді.
Мөлдіреп қарақаттай балғын жүзі,
Құралай көз алдынан бір кетпейді.
Ағарып атқан сайын таң нұрланып,
Оянып төсегінен бал­бұл жанып,
Шіркін­ай, ақбоз үйден шығар ма еді,
Шолпысы шашбауында сылдыр қағып!
Тапқаны, татқаны да жалғандағы –
Таңдайда махаббаттың қалған дәмі.
Үлкідей үлпілдеген ұшып кетті
Басына бес айналып қонған бағы.
Екеуі қырға шығып түн жамыла,
Шомылып ай нұрына тұрмады ма?
Қалды екен аппақ тәні қай шұңқырда,
Жыртылып жыртқыштардың тырнағына?
Байғұсты қиналғанда кім аяды,
Танабай соны ойласа мұңаяды.
Өрмелеп, өне бойын кеміріп жеп,
Басынды­ау құрт­құмырсқа қыл­аяғы.
Айтқанмен Бәтеш зарлап шер бітпейді,
Қөңілін басқан қайғы сергітпейді:
– Ашығып ақылынан адасқанда,
Кісі етін жегендерді көрдік, – дейді. –
Шырқырап пана іздедік шыбын жанға,
Аштыққа елдің алды ұрынғанда.
Қырылды біздің ауыл баудай түсіп,
Балқашқа қарай жаяу шұбырғанда.
Жазғаны Жаратқанның маңдайында,
Аштықтың ащы дәмі таңдайында.
Жалп етіп құлағандар қайта тұрмай,
Қарайып қалып жатты жол бойында.
Қаралы шашын жайып қаңғып ана,
Ғұмыры көрмегенді көрді дала.
Қоянның көжегіндей шөке түсіп,
Түбінде тобылғының қалды бала.
Таяса үзілуге өзек талып,
Шыбын жан шырқырайды безек қағып.
Құралай екеуміз тек жылжи бердік,
Ауызға жалғыз құртты кезек салып.
Бұлдырап жанарымыз сөніп барып,
Бұрылдық бір қараны көріп қалып.
Күн бата «Әулие қыз» бұлағының
Басына әзер жеттік өліп­талып.
Бір әйел отыр онда қалжыраған,
Сорлының сыңайы бар көп жылаған.
Бауырында ыңырсиды аш баласы,
Суалған құр емшекті сорғылаған.
Күйеуі өліп жатыр анадайда,
Көмуге бетін жауып шама қайда?
Байғұстың айтқан сөзі еске түссе,
Батамын әлі күнге терең ойға.
Ашығып, сандырақтап меңдегенде,
Айрылар ақыл­естен пенде демде.
Әкесі өз баласын жемек бопты:
«Қалды, – деп, – неміз енді өлмегенде?»
Қарайды қайта­қайта баласына,
Қан толып екі көздің шарасына.
Пиғылын күйеуінің байқап қалып,
Сәбидің шошынады анасы да.
«Біз өлсек, бала қайтіп күн көреді? –
Дейді әке, – айдалада бұл да өледі.
Шалайық құрбандыққа, құдай кешер,
Кісі етін қысылғанда кім жемеді?»
«Ойпыр­ау, не деп тұрсың, қара жүрек,
Жүрмексің қалай тірі баланы жеп?» –
Әйелдің шыбын жаны шырқырайды,
Сұмдықтан сәбиінің хабары жоқ.
Үзілген емешегі қайран шеше,
Түседі жанған отқа бала десе.
Маңына бөбегінің жолатпапты,
Күйеуі ұмтылса да әлденеше.
Баладан жаны тәтті расында,
Жалғамай аш өзегін шыдасын ба?
Әкесі мойын созып жұтыныпты,
Жарар деп балапаным бір асымға.
Көз ілмей күзетіпті үрейлі ана,
Сенері күйеу емес, құдай ғана.
Қашуға ұлын алып дәрмені жоқ,
Қара түн тас қараңғы шыр айнала.
Ұзамай таң ағарып жарық болмақ,
Сәбиін қайтсе де аман алып қалмақ.
Қолында жалаңдаған өткір пышақ,
Күйеуі жақындаса жарып салмақ.
Қаншырдай күшігіне ара тұрған,
Қалшиып қайсар ана таң атырған.
Сорлы әке соры қайнап жей жаздапты
Өз ұлын өзегінен жаратылған.
Куә ғып қасіретке сол бұлақты,
Күн шыға екеуі де қалжырапты.
Күйеуі түске таман жанын үзіп,
Әйелі жалғыз қалған зар жылапты...
Білген соң жан түршігер болған жайды,
Аядық азап шеккен сормаңдайды.
Бір өлім түбінде бар тірі жанға,
Қашқанмен арпалысып жан қалмайды.
Көрініп қорқынышты күн алдағы,
Көз талып, тұнық аспан тұмандады.
Құралай жүреміз деп жиналғанда,
Орнынан үш ұмтылып тұра алмады.
«Қош! – деді, – қияметте жолығармыз,
Алланың әміріне бағынармыз.
Шыр етіп дүниеге келген кезде
Маңдайға жазғаны осы, не қылармыз?
Аман жүр, жолға бірге шығып ең сен,
Сәлем айт Танабайға, тірі көрсең.
Армансыз кетер едім бұл жалғаннан,
Шіркін­ай, бір хабарын біліп өлсем!
Қуарып тасқа біткен қынадайын,
Дегейсің аштан өлді Құралайың.
Басымды құбылаға қаратып кет,
Жанарым жұмылғанша жұбанайын.
Ажалым айдап келді, сірә, мұнда,
Аманат – жүрсін сөзім құлағыңда.
Түбінде тірі болса іздеп табар,
Қалды де «Әулие қыз» бұлағында».
Жанары жасқа толып жаудыраған,
Сақтаған соңғы құртын берді маған.
Балқаштың жағасына жылжып жетіп,
Сол құрттың арқасында қалдым аман.
Бітпейді көкіректе толған арман,
Жағың да талады екен зарлағаннан.
Белгісіз тағдырының не болғаны,
Ере алмай сорлы әйел де сонда қалған...

VІІ
Бәтештен мына сырды естігелі,
Жүрегін өткір қайғы кескіледі.
Шұбырып көз алдынан көшкен өмір,
Таң атса, шыққан күні кешкіреді.
Ауысты содан бері жыл қаншама,
Бұйырған дәмін татып кім болса да.
Сапары Танабайдың тынған емес,
Тағдыры талай рет тұлданса да.
Іздейді үміт үзбей Құралайды,
Ешкімнен көрдің бе деп сұрамайды.
Көргенін жасырғандай кей түндерде,
Сынық ай бұлт астынан сығалайды.
Жалғыздың қайғы­мұңы мүлдем бөлек,
Күтеді айдан медет, күннен көмек.
Тәңірі өзі рақым жасамаса,
Мейірім тілегендей кімнен не деп?
Болмаса Бәтеш қана бірге жүрген,
Сырына бойлай алмас кім көрінген.
Жазықсыз шеккен жапа, көрген қапа
Кетер ме өле­өлгенше сұм көңілден.
Қаңғырып, кезіп жүріп кең даланы,
Не қилы ойға кетіп толғанады.
Шашылған ақ сүйекті көрген сайын
Сырғанап, көзден жасы сорғалады.
Даланың шарласа да қай тарабын,
Жолықпас жоғалғаны бейшараның.
Күн батса, көз байланып шуылдайды,
Қойнауы күңіреніп сай­саланың.
Еңсесін көтере алмай тірлік езген,
Шолады айналасын мұңлы көзбен.
Әр тұстан ағараңдап белгі беріп,
Аруақтар шұбырады түнді кезген.
Оятып мүлгіп жатқан сан қырқаны,
Сол сәтте түнгі аспанды жаңғыртады.
Тәңірге назаланып тылсымдағы,
Жалғанға нәлет, қарғыс жаудыртады.
Дауысы бір төмендеп, бір өрлейді,
Жалғызды жапанда кім шідерлейді?
Қырылған қазақтардың атын атап,
Азапты бастан кешкен түгендейді.
Ызадан түнереді, кектенеді,
Торлаған төңірегін жек көреді.
Безініп сондықтан да пенделерден,
Құландай қырға шығып кеткен еді.
Жібектей қызыл­жасыл базардағы,
Дүние мың құбылды көз алдағы.
Тар заман кең далада ғұмыр кешкен,
Өзіне мәлім оның өз арманы.
Тоң қатып, сазға батып толарсағы,
Кім білсін, нені күтті, нені аңсады?
Аядай санасына сыйған емес
Айналған күн әлемін ғаламшары.
Ол үшін шексіз әлем мына дала,
Білмедің, сезбедің деп кінәлама.
Мекенін шыр айналып шиырлаған,
Ұқсайды жолбарысқа шұбарала.
Алдыға асықтырса тағдыр кейде,
Адамды ақбөкендей желдірмей ме?!
Басынан «Әулие қыз» кезікпеді,
Желге ұшып, құмға сіңген сол бір бейне.
Самалы Сарыарқаның елпілдейді,
Көңілі Танабайдың серпілмейді.
Төгілген Құралайдың көз жасындай,
Бұлағы «Әулие қыз» мөлтілдейді.
Жағасы балдырғанды, балқұрақты,
Атайды «Әулие қыз» сол бұлақты.
Бір қыздың жырын шертіп ертелі­кеш,
Сан ғасыр күміс суын сылдыратты.
Тас бейіт тұнжыраған анадайда,
Ерлігін есті қыздың салады ойға.
Ескірген ерте күннің оқиғасын
Естіген ел аузынан Танабай да.
«Ауылға жау шабады ертең!» – депті,
Алайда айтқанына жан сенбепті.
Қалжыңға айналдырып қыздың сөзін,
Желіккен жігіт­желең қол сермепті.
Білсе де бола алмасын көпке қорған,
Еріксіз жалғыз өзі атқа қонған.
Қырылып ертесінде бүкіл ауыл,
Шаңырақ, керегесі отқа жанған.
Жалт етіп жарқын өмір жанарынан,
Алдымен қыз өліпті жау оғынан.
Қапыда қиылыпты қайран ғұмыр,
Үзілген қызыл гүлдей сабағынан.
Әңгіме­аңызға бай ел қашанда,
Бітпейді тыңдасаң да, толғасаң да.
Арудың аруағы осы күні
Көрініп қояды екен анда­санда.
Көлбеңдеп жарығында айдың анық,
Жүреді ақбоз атпен дейді халық.
Солқылдап дауыс салып жеті түнде,
Жылайды жұртын жоқтап қайғыланып.
Сәулесі сағымданып түн көгінде,
Құралай әлде мүмкін бірге жүр ме?
Тілдесіп қалар еді, уа, дариға,
Қай кезде көрінерін білгенінде!..
Еңіреп дала кезген әлі күнге,
Сол қызбен Танабайдың зары бірге.
Өтеді қарғыс айтып сұм заманға,
Шыққанша кеудесінен жаны мүлде.

VІІІ
Оятып шырт ұйқыда жатқан қырды,
Танабай тентіреді, көп қаңғырды.
Таба алмай ақырында іздегенін,
Келмеске талай жылды аттандырды.
Ауырлап белі құрғыр қорғасындай,
Кәрілік қалтылдайды жар басындай.
Сыздаған сүйектері сырқырайды,
Қозғалса сықырлаған арбасындай.
Қаһарлы көрінгендей қыс қарасы,
Бойына тарамайды ішкен асы.
Құрысып арқа­басы қалшылдайды,
Ұстаған албастыдай ұстамасы.
Барады қусырылып мына жалған,
Қашқанмен құтылады кім ажалдан?
Тіршілік қас қағымда өте шықты,
Қаз басып аяғынан тұра қалған.
Мезгілсіз ыстық жүрек салқындай ма,
Сырлы өмір қалдырады әркімді ойға.
Тарқатып ішкі шерін оқта­текте,
Жүретін соғып кетіп Жарқынбайға.
Сырқаты Жарқынбайдың білінгелі,
Кірпігі кей түндерде ілінбеді.
Қажының аманаты жан қинады,
Жасырын жүрегінің түбіндегі.
Шақыртты қаңғып жүрген Танабайды,
Басқаны сенімді деп санамайды.
Басыңнан көшерінде дүние, шіркін,
Бұрылып алды­артына қарамайды.
Танабай бір қиырдан келіп жетті,
Досының ауыр дертін жеңілдетті.
Қанша жыл өтсе­дағы арадағы
Тігісі құпияның сөгілмепті.
Айта алмай ақтық сөзін тайғанатып,
Жарқынбай көп отырды ойға батып:
– Қорқамын, – деді, – қажы аруағынан,
Еске алсам, оңашада кейде жатып.
Зұлымдар қайғы қосып қайғымызға,
Салды ғой шұбар жылан қойнымызға.
Уа, Тәке, кімге сеніп тапсырамыз,
Ақынның аманаты мойнымызда?
Қажыны кеше бірге көрді көзің,
Шаруа емес шешетұғын жалғыз өзім.
Қалдыру балаларға тағы қиын,
Білесің ала­құла ел мінезін.
– Жаны бар, – деді, – Жәке, сөзіңіздің,
Іштегі жатқан сыр ғой өзіміздің.
Қажының өсиетін бір жайлы ғып
Кеткен жөн тірісінде көзіміздің.
Сенетін жан болмаса бұл маңайда,
Айтамыз жария ғып кімге, қайда?
Шәкәрім қағазының шеті шықса,
Қызылкөз қаптап жүрген шуламай ма?
Қанатын жайған кезде жаңа түлек,
Соларға төндірмесін қара түнек.
Құйрығын жатқан жылан басып қалып,
Алмайық басымызға бәле тілеп...
Қалғандай құлазыған ескі жұртта,
Үрейлі үңірейген кешкі ымыртта.
Қуарып Жарқынбайдың жүдеу жүзі,
Іштегі қасіреті тепті сыртқа:
– Түзелмес заман, – деді, – жуыр маңда,
Шошимын шырайынан құбылғанда.
Тағдыры аманаттың не болады,
Күні ертең менің көзім жұмылғанда?
Өлім бар қашан болсын ажалдыға,
Бізден де қалар шулы базар мына.
Қиянат жасау күнә өсиетке,
Барғанда не демекпін қажы алдына?
Артсам да үмітімді жақсыларға,
Сескенем сөз аңдыған сақшы барда.
Таппадым ойлап­ойлап сенімді адам,
Алаңсыз аманатты тапсырарға.
Сенің де кәрі қойдай қалды жасың,
Сыймайды бұл жалғанға енді басың.
Келмейді аңсағанмен дәурен қайтып,
Несіне қартайғанда қаңғырасың?
Қайтеміз ұстатпайтын желді қуып,
Көріміз төрімізден қалды жуық.
Қажының ақтық сөзі есіңде ме,
Отырмын тәуекелге белді буып...

ІХ
Сібірлеп күздің таңы сарғаяды,
Сәулесін сәлден кейін мол жаяды.
Аулақта тау ішінде екеу отыр,
Ортада ала қоржын сол баяғы.
Түнімен түрлері бар көз ілмеген,
Өлікті шығарардай кебіндеген.
Қоржынды сипалайды қайта­қайта,
Бір кезде бүрген аузы сөгілмеген.
Тұнжырап төмен түскен қас­қабағы,
Мөлтілдеп көздерінен жас тамады.
Антынан айнымайтын адал жандар,
Қоржынды отыр отқа тастағалы.
Білмейді көп қағазда не барын да,
Шәкәрім салып кеткен заманында.
Байғұстар өз мойнымен көтермекші
Қайғысын, өкінішін, обалын да.
«Жылаған құлдарының тыңдап үнін,
Жаратқан жарылқамақ мың да бірін.
Қорлықтан көз ашылар күн тумаса,
Асылдың білер дейсің кім қадірін?
Өзімен өз қайғысын кеткен алып,
Абай да күңіренген жоқ текке налып.
Қалдырмай азған заман азабына,
Өртеп кет, өлеріңде отқа жағып!»
Дариға, шын ақыннан сөз қала ма,
Толқытпай іштегі шер қозғала ма?
Қажының өсиеті оятпаса,
Қызыл шоқ ұшқын атып қоздана ма?
Қу ағаш бытырлайды қызған сайын,
Лақтырса жанған отқа қоржын дайын.
Жарқынбай бүгежектеп күбірлейді:
«Кінәмді кешіргей, – деп, – бір құдайым!».
Қысылса пенде, шіркін, не қылмайды,
Екеуі құран оқып қолын жайды.
Түгендеп аруақтарды бет сипады,
Мұндайда ыңғайлы сөз табылмайды.
Шалқыған жалын маздап дүрілдеді,
Сәулесі қараңғыны тілімдеді.
Тарбиған Жарқынбайдың саусақтары
Қоржынды ұстарында дірілдеді.
«Қош!» – деген даусы шықты қатты налып,
Қарсы алды құрбандығын от қуанып.
Үн­түнсіз қызыл жалын құшағында
Ақынның аманаты жатты жанып.
Шырқырап екі шалдың шыбын жаны,
Жартасы Баршатастың шыңылдады.
«Бұларың не?» дегендей бозторғай да,
Оянып ұйқысынан шырылдады.
Өкініп, ішін тартып таң жылады,
Қағаздың қас қағымда жанды бәрі.
Қазақты отқа салып осылайша,
Жүрмесе жарар еді тағдыр әлі...
Білмеймін – надандық па, адалдық па,
Қимаймын Жарқынбайды жамандыққа.
Шәкәрім қолжазбасы тарихы осы,
Кезінде таптырмаған тәмам жұртқа.

Х
Арындап асау жылдар алтын жалды,
Көп өтпей Жарқынбай да дүние салды.
Қосағы Бәтештен де айырылып,
Танабай жер бетінде жалғыз қалды.
Сопайып арбасында соқа басы,
Сапарын жалғастырды отағасы.
Қай жерде қалатынын кім біледі,
Қарайып қырдағы бір жота басы.
Кейінгі тағдырынан жоқ хабарым,
Айта алман қайда барып тоқтағанын.
Мұңдасым болғаннан соң бір кездегі,
Іздеуге анда­санда оқталамын...
Біз жеттік еркіндікке ол жетпеген,
Көк туын күннің нұры өрнектеген!
Жатсын деп өткендер де разы боп,
Рухын жырымменен тербеп келем!
Өмірдің арнасында толқын атқан,
Менің де шаттығым бар шалқып аққан.
Тәуелсіз туған елдің аспанында
Мәңгілік ата берсін жарқырап таң!..



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Не көрсең де...

  • 0
  • 0

Жалғыз жүріп мұратқа жетер дейсің кім жеке,
Не көрсең де көппенен бірге көрдің, Мырзеке!
Самғап ұшып халқыңа қызмет еткен шығарсың,
Сыртыңыздан біреулер күңкілдесе, күндесе.

Толық

Секенге сүйсіну

  • 0
  • 0

Туласа тұла бойда текті қаның,
Селдетіп ақ жаңбырын төкті жаның.
Аузынан ата күйдің түскендейсің,
Аруағы аян беріп Кетбұғаның.

Толық

Ана тілім

  • 0
  • 1

Ана тілім,
Жүрегісің анамның.
Жүрек-ана,
Мен өзіңінен жаралдым.

Толық

Қарап көріңіз

Пікірлер