Екі туып келмейсің – Несіпбек Айтұлы

Бұл бетте «Екі туып келмейсің» атты Несіпбек Айтұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 03.10.2021
  • 0
  • 0
  • 815
Дүние сыры бір ғана құдайға анық,
Түн айналып келеді, күн айналып.
Қайта тұнар тасыған асау өзен,
Арнасынан шалқыған лайланып.
Жыл құстарын шұбыртып жылап кеткен,
Көктем қайтып келеді шуақ төккен.
Қайталанар өмірде барлығы да,
Еш нәрсе жоқ мәңгілік тұрақ тепкен.
Қайталанар жаз бен күз кезегімен,
Қаһарлы қыс қар бүркіп өзегінен.
Қуаныш та, қайғы да сан тосады,
Тар соқпақты тағдырдың кезеңінен.
Тіршіліктің тірегі адамдықта,
Қайталанар жақсылық, жамандық та.
Сатқындық пен қастықтан көз ашпайсың,
Дос ниеті бұрылса арамдыққа.
Барлығы да кісінің пейілінде,
Қайталанар өмірдің тойы күнде.
Ұшқан бақыт басыңнан қайта қонар,
Жүрегіңді толтырып мейірімге.
Шуақ түсіп тұрғанда көктен жерге,
Қайта келер өкпелеп кеткендер де.
Қайта жібір көңілің тас боп қатқан,
Не табасың жақынды жек көргенде?
Қайда қашып ортадан кетем дейсің,
Атажұрттың төсінде мекендейсің.
Қайталанбас өмірде өзің ғана,
Екі туып келмейсің, екі өлмейсің.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері