Өлең, жыр, ақындар

Ағаны жоқтау

  • 15.10.2021
  • 0
  • 0
  • 5222
(Ақселеудің рухына)

Ағатай, қалай түстің көрге мұздай?
Өмірің болды бізге енді аңыздай.
Қасқайып көшті бастап жүруші едің,
Күңіреніп көкірегің нар қобыздай.
Секілді Асанқайғы дала кезген,
Іздедің елдің жоғын бала кезден.
Күйдірдің қанатыңды қазағым деп,
Алайған арашалап ала көзден.
Өз басын күйттеуді ар санаған,
Ел үшін ет жүрегін паршалаған –
Зар болдық көлеңкеңнің қиығына,
Емендей иілмейтін еңселі ағам.
Халықтың қазынасын арқалаған,
Ер едің өрге салса шаршамаған.
Байтақ жер, байтақ жұртты айтпағанда,
Жасаған жақсылығың қанша маған.
Жалт етіп жарқыраған ұлы бейнең,
Жалымыз жығылып тұр күдірейген.
Япыр-ау, енді кіммен толтырамыз
Орныңды ортамызда үңірейген?
Әкелді ауыр қазаң елге қайғы,
Көңілдің жайлауынан шаң борайды.
Мөлтілдеп екі көзге жас келеді,
Естісек «Сарыарқаң» мен «Дәурен­айды».
Қалайша сені ойламай көз ілемін,
Төбемнен жай түскендей сезінемін.
Алтайды, Алатауды алты айналған,
Арқаның көкбөрісі өзің едің.
Қазақтың қара тұтып таңғы аспаны,
Жоғалттық тағы да бір марғасқаны.
Жау келсе жасқанбастан сілтейтұғын,
Алаштың емес пе едің алдаспаны.
Шылбырдай шолтаң етсе мына жалған,
Құтылмас пенде қашып сұм ажалдан.
Ешқашан өлмек емес сендей адам,
Соңында тозбайтұғын мұра қалған.
Сұрапыл қайғы деген жел тынған ба,
Жоқтығың батады екен әр күн жанға.
Алаңсыз алшаң басып жүруші едім,
Арқамда асқар тауым сен тұрғанда.
Құрандай қастерлеген күй өнерін,
Сеңгірім, қайран Ақам, сүйенерім.
Боздап тұр сені жоқтап қалың елің,
Босатып бозінгендей жүйелерін.
Орныңнан жылағанмен сен тұрмайсың,
Ортайған ел көңілін толтырмайсың.
Білдік пе, қадіріңді білмедік пе,
Қайтадан қолға түспес алтындайсың.
Хан болсаң –
Қасымдайсың, Есімдейсің,
Ордаңды енді қайтып көшірмейсің.
Бес күндік қу тірлікте абайламай,
Алдыңнан кесіп өтсем кешіргейсің.
Төр болсаң –
Сарыарқаның төсіндейсің,
Жыр болсаң – сырғып аққан Есілдейсің.
Жасайсың қазағыңмен мәңгі бірге,
Рухыңның жаққан отын өшірмейсің!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қуғанмен қанша...

  • 0
  • 0

Дүние – сиқыр бір сағым,
Арбайды көзін қуса кім.
Ындыны кепкен пенденің
Тажал боп жайлар құрсағын.

Толық

Өкініп қалмас үшін

  • 0
  • 0

Гүл көктем,
Қызық көктем,
Жалын көктем!
Сарылып аңсады ғой жаным көптен.

Толық

Жүрек толғауы

  • 0
  • 0

Өткеннің орны толмайды,
Өкініп жүрек толғайды.
Батасыз құлдар болғанмен,
Атасыз ұлдар болмайды.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар