Өлең, жыр, ақындар

Үзілсе де жұлының...

  • 15.10.2021
  • 0
  • 0
  • 822
Өмірімді етемін тілге тиек,
Ойдың жүгін өлеңмен бірге тиеп.
Тойымсыздың төбеті тақымдаса,
Алдансын деп тастаймын күнде сүйек.
Мұжып алып жіліктің майлы басын,
Қайта ұмтылса өзіңе қайғырасың.
Қылығына, қайтесің, көнесің де,
Ғадетінен білсең де айнымасын.
Пиғылынан қайтсын ба қанға сіңген?
Күндіз-түні қу жағы талмас үрген.
Жұмырына жаланған жұқ болмайсың,
Жұтылсаң да түп­түгел мал-басыңмен.
Үзілсе де жұлының ол қарамас,
Өн бойынан кісілік болған алас.
Бейшараның бүйрегін теспей сорып,
Оңды­-солды оралған олжаға мас.
Қиянаттың көрпесі қалыңдаса,
Қаңтарда да қаптайды қалың маса.
Сұмпайыдан тұрпайы қорқынышты,
Қарын шашы кәпірдің алынбаса.
Жоның шыдар қашанғы жел өтіне,
Ашылмаса бір гүлің он екіде.
Босағадан басыңа орын тимей,
Дарақы мен қор болар дөрекіге.
Қағыстырса қара күш тасқаяқтай,
Талған белің майысар жас таяқтай.
Қарауыл бар сабында құнсыз ғұмыр,
Ас құйылған азғантай саптыаяқтай.
Оған бола басыңа бәле әкелме,
Көзсіз ғана барады тәуекелге.
Албарынып азаптан құтылмайсың,
Түскенменен ақ көбік, қара терге.
Аманыңда досың мен қасыңды аңғар,
Жаншып кетіп жүрмесін басынғандар.
Тобығыңа сарт етіп тісін қадар,
Жатқан жылан құйрығын басып нең бар?
Қайырымға жарымас жалғанда адам,
Құмырсқасың сен де бір тал қармаған.
Сандалмаған саңлақ жоқ Сахарада,
Арбалмаған жан бар ма, алданбаған?
Жақсылық пен жамандық өмірде егіз,
Таптырмайды сорабын көмілген із.
Қаталдық та – қаруың қарсы жұмсар,
Көп қиналма қатты деп көңілге мұз.
Мүсіркеме аш қасқыр ұлып өлсе,
Жоғалды де жамбыңды ұры көрсе.
Аударылып жер мен көк алмасқаны,
Жоғарыдан әмірдің үні келсе.
Жарлық түссе аспаннан алдық қабыл,
Ет үйренді бейнет пен қорлыққа бұл.
Тас құласа соқырға бұрын тиер,
Әлсіз байғұс әрқашан зорлыққа құл.
Өзіңді ая, өзге емес, алдыменен,
Жалсыз жүйрік жарыспас жалдыменен.
Қайда барып мойныңды оздырасың,
Қарғыстай боп жабысқан қарғыменен?
Сорғаласа көзіңнен жаңбыр жасың,
Құйын қуған қаңбақтай қаңғыр басың.
Шынжырдағы байлаулы итті көрсең,
Оны да ая, өзіңнің тағдырласың...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Сен екенсің

  • 0
  • 0

Жабықсам көтеріп көңілімді,
Жайнайсың күліп күндей.
Кей кезде өзіңнің қадіріңді
Біле алмай жүріппін ғой.

Толық

Таңғы толғаныс

  • 0
  • 0

Таңда мені тербейді арман,
Ой көзінен от өріп.
Жүргендеймін сөнбей қалған
Түн жұлдызын көтеріп.

Толық

Кел, Наурыз!

  • 0
  • 1

Наурызым, сары уызым,
Жүдеп едім сен кетіп.
Қайта келдің, байтақ елдің,
Қуанышын селдетіп

Толық

Қарап көріңіз