Жоры мейлің, айлакер, мені қуға – Қанипа Бұғыбаева

Бұл бетте «Жоры мейлің, айлакер, мені қуға» атты Қанипа Бұғыбаева жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 06.11.2021
  • 0
  • 0
  • 612
Жоры мейлің, айлакер, мені қуға,
Көңіл шыны кеседей толы мұңға.
Сылтау іздеп оңаша сенделемін,
Өзіңді іздеп барып бір жолығуға...
Арзан емес, досыңа бағалысың,
Кімдер сендей жандарға тағады сын.
Оңай жайды әдейі қиындатам,
Түссе екен деп, әйтеуір, саған ісім...
Біреулер жүр уақытша ұсап маған,
(Ғашық жайлы жыр жазып ұсақтаған).
Қыз Жібектей болдым мен Төлегенсіз
Ақ боз аттың мойнынан құшақтаған...
Сел сезімнің қайталап дауыл әнін,
Есалаңдай есімнен жаңыламын.
Айлар, күндер өзіңді көрмей қалсам,
Шаншып жүрек бір түрлі ауырамын...
Аңсау әнін сызылтам әуелетпей,
Саусақтарың шашымды тарап өтпей.
Жыр гүліме, осынау тірлігіме
Бір өзіңсіз тұрғандай ауа жетпей...
Балапандай баулыды, түлетті өмір,
Махаббатты шарқ ұрды тілеп көңіл.
Шешесің бе, білмеймін, шешпейсің бе,
Түскен ісін жүректің жүрекке бір!..


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері