Күнге алғыс екеумізді жолықтырған – Қанипа Бұғыбаева

Бұл бетте «Күнге алғыс екеумізді жолықтырған» атты Қанипа Бұғыбаева жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 06.11.2021
  • 0
  • 0
  • 927
Күнге алғыс екеумізді жолықтырған,
Жолыңа кетті жылдар болып құрбан.
Көрсең сен, мені есіңе ал, жел өтінде
Қорғансыз ақ қайыңды тоңып тұрған.
Атады арманымның оты жалын,
Жетім күй қайталайды жетім әнін.
Жаныңда тұрып үнсіз, үнін тыңдап,
Жазуын жапырақтың оқы, жаным...
Толқумен жан-жүрегім тілімденді,
Дірілдеп «күнім» деуге тілім келді.
Түбінде кездесіп ек сол қайыңның,
Қоштассақ сол қайыңның түбінде енді..
Таң атса, тағы сәби ер жетпек күн,
Күнменен елесіңді тербетпекпін.
Үзілген қолыңдағы жапырақты
Қолыңмен іздеріңе жерлеп кеткін...
Күн шығар таң пердесін үлбіретіп,
Барлығын үні бардың бұлбұл етіп.
Қағылған қарлығаштың қанатындай
Соңғы рет соқсын жүрек дір-дір етіп.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері