Өлең, жыр, ақындар

Сәби дауысы

  • 06.11.2021
  • 0
  • 0
  • 1114
Қысыла ма, кім білсін жас жүрегі,
Орындалмай ойдағы еш тілегі.
Түн ішінде көрші үйден іңгәлаған
Нәрестенің дауысы естіледі.
Дірілдейді сол үннен ауа тұнық,
(Тыңдағандай сол үнді дала тынып)
Әлсін-әлсін оянып ұйқысынан
Әлдилейді «әлдиін» ана тұрып.
Бұйырғандай болады бір үн маған,
Өтіп жатқан уақытпен бұрылмаған.
Шарасыз жан, отыр ма, шаршап, талып
Тілін таппай сәбидің шырылдаған.
Оттан аман болса екен, тілден аман,
Қатыгездеу ғасырда туған адам,
Сәби дауысы келеді құлағыма
Ақ «мамасын» ембестен іңгәлаған.
Тіршілікті тіршілік кешіресің,
Өсіресің, тағы да өшіресің.
Даулап жылап жатқандай сәби даусы,
Жеп қойғандай, әлдекім несібесін...
Шырылдайды, шыңғырып, несіне шын,
Біреу тауысып кеткендей несібесін.
Ұйқысынан дүниені ерте оятпай
Ей болашақ, неге сен, кешігесің?
Не көрмейді сау тұрса мына басың,
Мазалаған сәбиім бір анасын.
Уақыттан, адамнан, табиғаттан,
Сұрап жылап жатқандай сыбағасын.
Арай таңым кешікті-ау ұрандатқан,
Көкірегіме көп арман күн аунатқан.
Жебе даусы келеді, дүниені –
Дөңгелетіп көзінен құланды атқан.
Күміс қанат кешікті-ау мына таң көп,
Көлеңкесін жерге тау құлатар кеп.
Дауыстан сол оянып аунай берем,
Қалай, қайтсем сәбиді жұбатам деп.
Тұншыға ма ауада тұмандатқан,
(Кім сілкиді ойымды мынау батпан)
Естілгендей болады, бесіктегі –
Болашақтың дауысы жылап жатқан...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Көздер, көздер

  • 0
  • 0

Көздер, көздер күлімдеген күні бар,
Сол көздердің үнсіз тілін кім ұғар.
Осы көздің құдіретіне кезіксем,
Жол таппаймын басқа жаққа бұрылар.

Толық

Жігеріме жанып сезім шақпағын

  • 0
  • 0

Жігеріме жанып сезім шақпағын,
Өмірімнің қарсы алып кеш ақ таңын,
Ауыспалы жүрмін бастан өткізіп
Қырық бестің ақпаны мен аптабын...

Толық

Жібек жел ем, айналдырдың дауылға

  • 0
  • 0

Жібек жел ем, айналдырдың дауылға,
Ұшқын едім, шарпыдың сен жалынға.
Енді қайттім, маза берер еес түк,
Бір от бұлақ ағып жатқан жанымда.

Толық