Дос қайда, іздеп келіп хал сұраған – Қанипа Бұғыбаева

Бұл бетте «Дос қайда, іздеп келіп хал сұраған» атты Қанипа Бұғыбаева жазған достық туралы өлең берілген.

  • 06.11.2021
  • 0
  • 0
  • 841
Дос қайда, іздеп келіп хал сұраған,
Жасыса жігерімді қамшылаған.
Жаныма жұққан кірді жуып жүрмін,
Жасымен жүрегімнің тамшылаған...
Кінәмшіл болып барам, шамшыл адам,
Дос қайда, мал сұрамай, ән сұраған.
Арманның шынысына құйып іштім,
Көзімнің мөлдір жасын тамшылаған.
Жалғыз қап, ел ішінде шектім қайғы,
Жарық күн, маған енді бет бұрмайды.
Жыласа, жұбанғандай бала көңіл,
Баланың көңілінде кек тұрмайды...
Кектеніп, біреуден кім құрмет тілер,
Жек көріп, өсек отын үрлеп, күлер.
Мен жыласам, жұбатар жырым бар ғой,
Жер жыласа, көз жасын күн кептірер.
Ел жыласа, көз жасын кім кептірер?


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері