«Сіз ақын болып істейсіз бе?» деген оқушы сұрағынан туған ой – Қанипа Бұғыбаева

Бұл бетте ««Сіз ақын болып істейсіз бе?» деген оқушы сұрағынан туған ой» атты Қанипа Бұғыбаева жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 07.11.2021
  • 0
  • 0
  • 643
Керегі жоқ жылы орын, пайда маған,
«Әумесермін» пайдасын ойламаған.
Ақындық қызмет болса,
ақындыққа –
Дауыс беріп мені ешкім сайламаған.
Үлесіме сонда да үлгеріппін,
Жұртқа ұқсап, жер басып, күн көріппін.
Өмірден сыйға алып, мен өлеңді –
Анамның ақ сүтімен бірге еміппін.
Дарын дәнім, барлығы дәптерімде,
Дәптерім ұқсайтындай пәк көңілге.
Ақынға ұқсап отырам, оңашада –
Өзіммен-өзім қалған сәттерімде...
Өсектесін «біреулер» өсектеген,
Ту сыртымнан атқылап кесекпенен.
Ар алдында әр мезгіл ақтарылып,
Өзіме-өзім оңаша есеп берем.
Ойланам, аспан мен жер боп тұрағым,
Адам болу, арманым, отты ұраным.
Адымымды әр басқан тергеу үшін
Өзіме өзім оңаша сот құрамын...
Кеудесі жұлдыз тағып, бәйге алмаған,
Тірлігі тұтам жіптей, айналмаған.
Ананың ақ сүтімен өлең емген –
Даланың «ақынымын» сайланбаған.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері