Өлең, жыр, ақындар

Өмірдің таңы, түсі, келер кеші

  • 07.11.2021
  • 0
  • 0
  • 727
Өмірдің таңы, түсі, келер кеші,
Сүйікті болмасақ та ел еркесі.
Ой салып бауырындағы төбелерге,
Түседі биіктердің көлеңкесі.
Жүр бүгін бала ғашық түске оралып,
Емеспіз біреулердей іске қанық.
Жібергім келер емес уысымнан
Жастықтың шалғайынан ұстап алып.
Шық тамбай, көңіл деген гүліме түк,
(Қорыттым, көргенімді білім етіп)
Соңына сайраған бір із қалдырмай,
Ерліксіз бара жатыр күнім өтіп.
Ғасырға ғашық болып туған ақын,
Жөнің жоқ, қуланатын, бұлданатын.
Қалаған тамаша емес, оңашаны,
Көңілім күлкіден де мұңға жақын.
Өмірдің жүріп жатыр көкпар әні,
Әнімді тыңдаған дос жоқтар әлі.
Жанымды түсінер кім, кісілердің,
Сәлемі сатулылау боп барады.
Болғысы келер ойдан әркім азат,
Өмірдің сияқты ма арты ғажап.
Айнала адамдардан сәл артықтау,
Ақылдан жүргендер бар тартып азап.
Ұйқымды таң атқанша он бөлемін,
Белгісіз шаршағаным, шөлдегенім.
Тұрғандай бір ұлы күш айналдырып,
Уақыттың алға қарай дөңгелегін...
Қылығым болса «тентек» кешер аға,
Кәрілік келіп кенет, өш ала ма?
Көзімнен бұбұл дәурен барады ұшып,
Бәрі де сияқты еді-ау кеше ғана...
Қиналам, жүректегі отым үшін,
Алады адам көзін оқып ішім.
Барады ыстық тартып бір кездегі –
Өртеген өзегімді өкіншім,
Қиналам, өшпей қалған отым үшін!...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Мен өмірдің өз тілінен сыр таптым

  • 0
  • 0

Мен өмірдің өз тілінен сыр таптым,
Сыр таптым да ұштым биік шырқап тым.
Жақсымын ба, жаманбын ба, өлшенем,
Көзіменен бүгінгі жас ұрпақтың...

Толық

Сәл нәрседен әсер ап, елең еттім

  • 0
  • 0

Сәл нәрседен әсер ап, елең еттім,
Өміріме алғандай бөлек екпін.
Қараңғыда жақындап жарығыңа,
Қанаттарын күйдірген көбелекпін.

Толық

Тәтті сөзден, қайсы менің ұтқаным

  • 0
  • 0

Тәтті сөзден, қайсы менің ұтқаным,
Айрық жолда қалдым, қаңғып, бітті әлім.
Әппақ нанды шайнап салып аузына,
Қол соқтық қой, тамашалап жұтқанын...

Толық