Кімге айтамын, сырымды кімге сенем – Қанипа Бұғыбаева

Бұл бетте «Кімге айтамын, сырымды кімге сенем» атты Қанипа Бұғыбаева жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 07.11.2021
  • 0
  • 0
  • 2068
Кімге айтамын, сырымды кімге сенем,
Көңілім ай, үміттен күл көсеген.
Басымды ұрып сол жанның аяғына –
Құлайын ба, күйімді білмесе, мен?
Сезімімді сездірмей өзіңе мен,
(Салғанына тағдырдың төзіп өлем)
Қайда жүрсең, көз емес маңдайдағы
Сені көрем, жотамның көзіменен.
Сен дегенде, болмайды төзім менде,
Ғашық жүрек, тынығып көз ілген бе?
Өзегімде өзгеше өрт өшпей жүрсе,
Өмірден бе, жоқ әлде өзіңнен бе?
Уақыт қатал, өтуде төзім жанып,
Танытпайды өткеннен өзімді анық.
Сезім бағып, түспестен көздеріңе
Ту сыртыңнан қарайды көзім бағып.
Келесің, қашан, жастық кезімді алып?..
Күміс толқын, өзекте сыңғыр қағып,
Жүрегіме жалынын жырдың жағып.
Үміт қылып тартылған үзіп алмай,
Жанарыммен мен сені жүрмін бағып...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері