Кәрі теңіз тебіренісі – Қалампыр Кенжеғалиева

Бұл бетте «Кәрі теңіз тебіренісі» атты Қалампыр Кенжеғалиева жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 31.12.2021
  • 0
  • 0
  • 710
Табиғатқа тиесілі дегенге
Жұмыр жердің киесімін деп сендім.
Жағалау мен теңіз түбі бұл күнде
Үлесінде байлық қуған шефтердің.
Алас ұрған тірлігінен тірінің
Толқыным да толқымайды бүгінде.
Алпауытты келгеніммен еңсергім,
Дәрменсіздік құр теңселтті, теңселдім...
Пәрше-пәрше бөлініп тұр аумағым,
Ызы-қиқы төріндемін сауданың.
Күндіз-түні тебіренер толқыным
Екіталай маған енді сау қалу.
Шарлайтұғын айдынымды еркімен
Тамсандырған аққу қайда көркімен.
Бұлтың қағып, бұлтша аунақшып жүретін
(Жағалаудың байпаң қаққан еркесі)
Итбалық та арпалысар дертімен.
Беу, адамдар, түгенделіп бітер қашан
мұқтажың,
Тонаушыға бар ма титтей ықпалың?!
Тебіреністі теңіз жанын ұғатын
Шаршы әлемнен бір жан бар ма шығатын?


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері