Арман-ай, ақпан айы алқынады – Шәмшия Жұбатова

Бұл бетте «Арман-ай, ақпан айы алқынады» атты Шәмшия Жұбатова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 14.01.2022
  • 0
  • 0
  • 981
Арман-ай, ақпан айы алқынады,
Өйткені ақша қары қалқымалы.
Ақша қар дегеніміз өрнектер ғой,
Өрнек те өмір үшін талпынады.
Басында шам жанады бағананың,
Бағана айтқан емес маған әнін.
Әлдене іздеп жүрмін сағынышпен,
Сол, сірә, Шардарасы шағаланың.
Көктемді ойламаймын ақпан барда,
Жатқанда басқан ізім қатқан қарда.
Ойнағым келеді ылғи қар лақтырып,
Жұлдызын жүрегіне таққандарға.
Білмеймін, тізгінімді тұсадым ба,
Қарменен қалқып бірге ұшамын ба?
Ак күміс шана мініп, шалқып-тасып,
Ағамын ақпан айдың құшағында.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері