Гүл терген Гүләйім қыз мақамдары
(дастан)
Набат Айдаулетқызына
Армысың, ана қыран, шаңқылдаған,
Аралдың шағаласы, саңқылдаған.
Тарылған тар заманда ғұмыр кешіп,
Айналдым екпініңнен тартынбаған.
Тарылған тар заманда тұман көшкен,
Аққу, қаз айдын көлде мың ән кешкен.
Жан апа, есеңгіреп қалмау үшін,
Шығарма ана тіл мен құранды естен.
Ескексіз жалғыз қайық жағадағы,
Қалтылдап, толқын іздеп ағады, әні.
Мен Сізді домбыраның үні дедім
Жоғары көтерілген сағадағы.
Оралман табысқанда Отанымен,
Туған жер көз алдында жатады кең.
Шашыңды қырық бұрым төгілдірдің,
Құбылған «Қырық қыздың» мақамымен.
Көп еді көңілімнің көксегені,
Елекке салып өмір, екшеледі.
Төгіліп тобылғыға айналған күн,
Туған ел алар ма екен еске мені?
Өмірге ерте туған қазағымның
Ақылы кейде неге кеш келеді?
Тал бойды әуен қысып терлетеді,
Қай күні жүрегімнен шер кетеді?
Төгіліп тобылғыға айналған күн,
Жер бесік анам болып тербетеді.
Сайрамай үнсіз қалдым құс бағында,
Булыққан ішкі толқын түсті ағынға.
Талықсып, көзін жұмып, талды жиі
Отты өмір қызғаныштың қыспағында.
Қайтеді желмен бірге ентікпесең,
Жатқанда дауысыңа елтіп көшем.
Жылғалар жылжып аққан жылап қалар,
Көктемін көңіліңнің көлкітпе, сен.
Іштегі тоқтата алмай екпінімді,
Төктім-ау ақ қағазға көп күнімді.
Жұмыр күн жұмарланып келді-дағы,
Шыңғыртып жұтып қойды от тілімді.
Паналап күншілдіктің босағасын,
Кей кезде жанарыңа жас аласың.
Өтсем деп көп адастым өткелменен,
Айналып Бекежанның Қособасын.
Шайқалып тереңдіктер тынық күймен,
Алқымым ашылғанда сынып түймем.
Мен Сізге қырық шумақ сырымды айттым,
Бұрымын қырық мақам қылып түйген.
Тоғыз бал толқын болып дөңбекшідім,
Күндерім еске түссе құлып киген.
Тоғыз бал толқын болып дөңбекшідім,
Кептеліп көкірегіме келді өксігім.
Тәніңе торқа көйлек батады екен,
Торына шырмалғанда өрмекшінің.
Мен өзім кетігімді толтырмасам.
Қалмады мені жақтар енді ешкімім.
Тағдырдың дөңбекшіген толқынында
Мен кеттім толқындардың қолтығында.
Таба алмай бүтін ғалам өзіме сай,
Жалтақтап қарайладым жарты ұғымға.
Беу, менің шыға алмаған шыған далам,
Жолдарың таусылмады бұраңдаған.
Толықсып, толқып, көңіл алдай берді,
Жалған-ай, бір орнында тұра алмаған.
Сүйемей, сәл сүрінсем бетке басып,
Соңымда айқайшы көп ұрандаған.
Арайлы азаттықтың ақ таңында,
Сайраған ізім жатсын ақпа құмда.
Ақ апа, айлы түнде жолға шықпа,
Қасқырлар жатыр ұлып қақпанында.
Сап-салқын сызды қойшы етіктегі,
Мұз басқан қонышының кетіпті өңі.
Набат қыз, құстар неге сайрамай тұр,
Қырық қыз Қырым жақққа кетіп пе еді?
Кім айтар көп сауалдың жорамалын,
Қайтады арнасына көк Аралым.
От күндер Орал жаққа өтіп кеткен
Бұлғайды бұлаңдатып орамалын.
Сұлу ой шымырлаған бабында тұр,
Сарғайған сағынышым сағымда тұр.
Халқымды ұйқысынан оятам деп,
Алатау аппақ қарын қағып жатыр.
Жамырап сауын айтты жаршыларым,
Жаңбыр боп жаңа күнді қарсыладым.
Жалтырақ теңгедейін үнге салып,
Құбылған мақам қылып алшы бәрін.
Төгуге тереңімді дегбір таппай,
Сарғайып, санды соғып сарсыламын.
Толықсып, тоғыз қабат торқа кидім,
Қай күні жұмыртқадай аршыламын?
Тебіреніп, төгіле алмай тұрғанымда,
Қып-қызыл дән толқыды қырманымда.
Тәуекел, қыз ғұмырым қалып қойсын
Тербелген мың мақамның ырғағында.
Гүл терген Гүләйім қыз Сіз болсаңыз,
Қырық қыз құрма теріп жүр бағыңда.
Қиылып, қасы -көзі сүрмеленіп,
Тармаққа өмір кетті күрделеніп.
Құмырсқа илеуіндей ел көрдің бе,
Ағылып ақ Сарайға жүрген еніп?
Ағылып ақ Сарайға, көк Сарайға,
Ұстайды кәрі таяқ, жастар айна.
Халқының жан сарайы ашылғанша,
Күз кетіп, қыс келе ме, жаз тарай ма?
Білмеймін, тырбаңдаумен күн өтеді,
Жанымды мұндай күндер жүдетеді.
Бақтағы аппақ қауыз атқылаумен,
Қай күні төңірегін гүл етеді?
Түйісіп ақын сері Ақанменен,
Толғатып тоқсан толғау мақамменен,
Базарлы бал дәуреннің балын жұтып,
Кең залға келіп қалдым апамменен.
Кең залдың жылтырайды шамшырағы,
Жүректің жалтырайды тамшылары.
Еліктей елегізген көңілменен
Қалың ел қолын соғып қарсылады.
Еліктей елегізген көңілменен,
Күресте жігерім бар жеңілмеген.
Алқымда асау жүрек алағызып,
Қараймын алғы күнге сенімменен.
Жүректе сағат тілі сыртылдаған,
Соғады қоңырауын бір күн маған.
Армысың, асау сезім екпінімен,
Жасампаз жаңа ғасыр, жыр тыңдаған!
Қырларда таңбаланып көк табаны,
Келеді құлағыма көктем әні.
Айларым өкініштен от қабады,
Жылдарым тоқта десе, тоқтамады.
Аптығып асығыспен өткен апта
Көңілдің кем-кетігін жоқтамады.
Барлығы сыр тартуда күнде менен,
Қалпымда жүре берем үндемеген.
Өмірдің базарынан оралғанда,
Үйіме қайтып жүрдім жүлдеменен.
Талықсып тәтті ұйқыға батқанымда,
Шабытым оятады түнделеген.
Гүләйім бүрме киіп гүл тергенде,
Жүзіне аппақ шатыр бүркенгенде,
Алтынның жарқылына көз тоқтамай,
Сәнінен салтанаттың үркем мен де.
Келешек омырауын аштырады,
Көзімде дөңгеленіп жас тұрады.
Шаңқылдап, апа қыран, Сіз тұрғанда,
Мен-дағы туған жердің тас қыраны.
Шаңқылда, апа қыран, ана қыран,
Көзіңнің жас ақпасын тарамынан.
Қай күні, енді қайтіп кездесеміз,
Қай сапар, қандай жолдың торабынан?
Дүние төңірегімде талықсыған,
Жүректі қалай аман алып шығам?
Аумаймын кей күндері үйі жыртық,
Аулайтын алтын балық балықшыдан.
Әйелдің Сізге айтамын мұңы, сырын,
Сылдырап, сыңғырлаған күміс үнім.
Қаһарлы патша болды мынау өмір,
Ұшында қан тамады қылышының.
Гүл терген Гүләйім қыз Саркоптағы,
Жалтылдақ алтын құйған әр қапталы.
Жетпіс жыл жырланбаған қисса, дастан
Жаныңның құса, зарын тарқатпады.
Өрнектер жатыр ма өртеп кеудеңізді,
Шілтерлер секілденген шарқаттағы?
Жыр іздеп тамылжыған мына ғалам,
Көңілім елегізіп тұрады әман.
Бұлғаған жалауларым ұшып желге,
Қаңырап, босап қалған жылады алаң.
Шілденің жұпар төккен бұл айында,
Гүлденген сәлем бердім Гүләйімға.
Тебіреніп тоқсан мақам толқып ақты,
Білмеймін, күлейін бе, жылайын ба?
Білмедім күлерімді, жыларымды,
Жанарым сондықтан да, сірә, мұңды.
Ибалы имандықтың ісін бастап,
Таба алмай қысылғасын тұрағымды.
Қысылдым көрсете алмай тұрағымды,
Сондықтан, қоя берме сұрағыңды.
Бұрқадым, бұлаң қақтым, бұлықсыдым,
Булыққан шығара алмай бұлақ үнді.
Көлкіген көктем көрдім мен бөктерден,
Өксіген өлең көрдім өрнектерден.
Шалқыған шаттығымды жасыра алмай,
Шайқалдым шарап ішіп шөлмектерден.
Жыл бойы жүрегімді кернеп келген,
Өрнектер қиналады өрмек керген.
Шықтың ба өрт ішінен талмай ұшып,
Күтемін енді сені кең бөктерден.
Шықтың ба өрт ішінен талмай ұшып,
Қап- қара қанат күйіп, таңдай ісіп?
Өрттен сау шыққаныңды кім біледі,
Қыз болып сахнада қал майысып.
Өрттен сау шыққаныңды кім біледі,
Шарпылған тұсың жанды тілгіледі.
Талансыз тағдырыңды мақам қып айт,
Бәрінің келіп отыр білгілері.
Талансыз тағдырыңды мақам қып айт,
Жоғалтқан Құлагерін Ақан қып айт.
Сипаған ақ сақалын тарам қылып,
Аңсаумен өткен абыз атам қып айт.
Ақ апа, Сізге арналды отты өлеңім,
Жандарым арнау жазар көп пе менің?
Арнауды арнамасам өкпелегін,
Жырыма мақам құйып төкпелегін.
Тірелген тығырыққа бұл халықтың
Көзінен мен әйтеуір от көремін.
Шырқырап жылқы дауыс, құлын әні,
Бетке алып кетем бір күн құбыланы.
Құбылып құбылып құбылаға жеткенімше,
Біртіндеп қауырсыным жұлынады.
Сен едің Гүләйім қыз бұл бақтағы,
Әніңнен жұпар шашып гүл қаптады.
Қырық қыз мақамымен құбылып тұр
Жазылған Жиен жырау жыр хаттары.
Түлкідей құлпырамын қырда аунаған,
Аз боп тұр шумақпенен жырлау маған.
Сіз тартқан домбыраның шектерінде
Алқынып асау ғұмыр тұр лаулаған.
Мылтықсыз майдан көрдім сан атысты,
Түндерде көйлек кидім қара түсті.
Өмірмен қоштасқалы тұрғанымда,
Бір мақам айтылмаған ара түсті.
Ей, менің асқақтаған аспан айым,
Тамшыңды құя берші тасқа дәйім.
Мың тарау мақамменен жолға түскен
Мен қалай сапарымды бастамайын?!
Осылай тұрмын сапар бастағалы,
Жанардан жапырақ боп жас тамады.
Сыр бойы сырласуын былай қойып,
Бетке алып кетсем бе екен Астананы?
Алматы қимай жатыр қоштасуға,
Түнеріп қара бұлтпен қас – қабағы.
Мен Сізге жыр оқимын дауылдатып,
Содан соң жас төгемін жауындатып.
Ақын боп Алматыда жүрсем -дағы,
Арнаған өлеңім жоқ ауылға түк.
Сондықтан Сыр бойына асығамын,
Сыр бойы – айтылмаған ғашық әнім.
Тамағы бүлк – бүлк етіп дарияның,
Толқыны жүзіп келді қасыма мың.
Әнші құс, алақанға алшы қонып,
Тамамын тас біткенге тамшы болып.
Айдында кемеменен жолға шықсам,
Қоямын аппақ жалау қарсы керіп.
Дүбірлеп дала жақтың дүлдүлдері,
Қымызды аңқытады қыр гүлдері.
Жәнатты, жәрмеңкелі Жетісуда
Дүрілдеп өтіп жатыр жыр күндері.
Басқыштар бұратылып көтерілген
Бақытқа апарады бір күн мені.
Бұрқырап жұпар төкті гүл бөктері,
Қауыздың ағытылып ілгектері.
Гүл терген Гүләйімға аз болып тұр
Көрсеткен қазақы елдің құрметтері.
Алқымын ару жүрек ағытыпты,
Ашылған құтты болсын жыр мектебі!
Аралап бір үн кетті орам ішін,
Жолдардың түйіскенде торабы шын.
Қақталып алтын буға шыға келді
Құйылып қолдан соққан қола мүсін.
Беу, мүсін, нұрға толып жарқылда, сен,
Көмейің бір үн кернеп, алқынды әсем.
Тыңдасам Сізден қисса, дастандарды
Қайтадан уыз сәби қалпын кешем.
Тыңдасам Сізден қисса, дастандарды,
Аңқиып алаңғасар аспан қалды.
Көтеріп алдыңа әкеп қойсам ба екен,
Айқара алтын есік ашқан залды?
Алдыңа кең залды әкеп қойсам ба екен,
Кең залда жағылады май шам бөтен.
Кіре алмай жарық залға, тайсалып тұр
Кір басқан, жүдеп тозған лайсаң мекен.
Бұрқаған бұла күннің бұршақтары,
Сыңғырлап құйыла алмай, сыр сақтады.
Сұлулық табар едім қойнауынан,
Мұзтаудың тоңазытып тұр шатқалы.
Ыңылдап толғау айтып, жыр тыңдаумен
Үн жатыр ыңыранып құрсақтағы.
Құйылып жүрегімнің ащы зары,
Айтпасам, ішкі шерім асқынады.
Қолымда болса, бәрі үймелесіп,
Қиналсам, маңайымнан қашты бәрі.
Үніңіз Париж жаққа жетпегенмен,
Даусыңнан нақыш көрдім көптеген мен.
Ортаны кете алмайтын дуылдатып,
Ақырын айтқан әнді жек көрем мен.
Былқылдап Набат жыршы бабында тұр,
Жырлайтын «Едігені» шағында тұр.
Ауылда жас пен кәрі жыр тыңдауға
Түнімен жерошағын жағып жатыр.
Жиылып жас пен кәрі жыр тыңдауда,
Қақпағы самауырдың бұрқылдауда.
Домбыра шанағында әлсін – әлсін
Саусағы Набат қыздың сыртылдауда.
Өр дауыс өзен бойлап өрекпіген,
Билеген екпінінен желек кілең.
Атылып сен шыққанда сахнаға,
Жаныңа мендей сіңлі керек, білем.
Буынын саусағыңның былқылдатып,
Тартасың домбыраңды сылқылдатып.
Тағдырың жыршы қылып жаратқасын,
Өмірің бір қайғы, бір күн бақыт.
Тағдырың жыршы қылып жаратқасын,
Жырлайсың түн ауғасын, таң атқасын.
Өксіген өгей жүрек өміріңнің,
Өткелден өткізіпсің сан аптасын.
Қалың ел қошеметтеп, «беу» деп жатыр,
Тал бойды үнің елтіп баратқасын.
Ақ Набат, ақын Набат, жыршы Набат,
Аулына қаламгердің бұршы қанат.
Әуенді әдемі әнді есітуге
Есіктен симағандар тұр сығалап.
Тұншыққан тұнық ойдың тылсымдары,
Құйылып құлақтарға тұрсын бәрі.
Төгілген сұлу әннің әуенінен
Асқақтап туған жердің тұр шыңдары.
Зарлаған зарлы жүрек зарыменен
Кеудені бара жатыр жарып өлең.
Жүректің сапырылды запыраны,
Емдеуге келер емес дәріменен.
Жүректің сапырылды запыраны,
Таусылмай құса шерім жатыр әлі.
Қалғыған қалың орман ай нұрымен
Түндерде қалың ойға батырады.
Төбелер толқып – толқып тербеледі,
Білмеймін, қай сапарға шақырады?
Төбелер толқып-толқып тербеледі,
Адамға төбелер ғой ең керегі.
Жүректің жанға батқан жарасы көп,
Білмеймін, қандай жолмен емделеді?
Тұқыртқан басын төмен қазақ көрсем,
Менің де қыз көңілім сенделеді.
Шүпілдеп су құйса да жарымаған,
Құмыра көңілім бар қаңыраған.
Төбемнен сәукеле боп түссе болды,
Арайлы алтын күннің жарығы аман.
Бойыма қайдан ыстық от келеді,
Жанарым жарқылдаған шоқ тереді.
Желдердің ағысына асығады
Аспаннан күн жолдаған кептер елі.
Шағым бұл түнді ұмытқан, таңды ұмытқан,
Айналып кетті басым жаңғырықтан.
Жүрегім қақ бөлініп екі жаққа,
Күндерім артта қалды қанды жұтқан.
Көбелек көлбең қағып көктемдегі,
Іздейміз жер бетінен жоқ пендені.
Сайраған гүл бағында жыршы құстың
Сайраумен осы болды жеткен жері.
Ұлыны ұмытпаған ұлықтары,
Ашылған қақпалардың құлыптары,
Секілді егіз аққу біз келгенде,
Несіне қол соқпайды тұрып бәрі?
Гүл терген Гүләйім қыз мақамдары,
Жыршының сазын жина жаһандағы.
Кернейді таңда тұрып тартқан Сіз бе,
Атты әскер симай кеткен шаһардағы?
Тербелген толқын іздеп жер бетінен,
Толқынмен мен де бірге тербетілем.
Тұяғы жерге тимес тұлпарымның,
Қанаты тарта берді өрге кілең.
Тұяғы жерге тимес тұлпарымның,
Қанаты жерге тимес сұңқарымның.
Дидарын бір көруге зар боп жүрмін,
Дауысын ести алмай іңкәрімнің.
Желпілдеп жиде талдың желектері,
Теңселіп, тебіренді теректері.
Жабысып жаныма ерген жарқыл қағып,
Мен жүрмін тоқтата алмай желөкпені.
Атқылап күміс бұлақ кері құлап,
Кеңейді Алатаудың төрі бірақ.
Аққуды жыр кешіне шақырып ем,
Келді ұшып маңайына серігін ап.
Даусының күмбірлеген күмісі бар,
Жыршы құс, қоңыр түннің тынышын ал.
Жаныңды ұқпағандар сағы сынып,
Жаныңды түсінгендер гүл ұсынар.
Қолдағы бес саусағың бірдей емес,
Матаның арзаны бар, пүліші бар.
Біреулер енді бізге сын тағып жүр,
Кім білсін, өзіміздей ұлы шығар.
Құс болып көмекейде бүлкілдедім,
Жөн айтып, іркіл десе, іркілмедім.
Шаңқылдап шағаланың дауысымен
Шілдеде өтіп жатыр жыр күндерім.
Тірлікте жәрмеңкелі отты өмірім
Өлеңсіз қалай өткен шіркін дедім.
Артымда Қазақстан қазыналы,
Айтады көрмей қалса базынаны.
Шөліркеп ұзақ жүрдім шөл далада,
Бауырым енді қашан жазылады?
Үкідей бұлғақтаған бұлаң таңым,
Өзіңе үмітімді мың артамын.
Тірліктен әбден қажып болғаннан соң,
Қайтадан дидарына құмартамын.
Ізімде қалған өмір кестеленіп,
Түседі кей күндері еске келіп.
Адасқан сыңар аққу ұшып келді,
Арманын ақ шатырлы төске керіп.
Аралым қайта толып ағар болса,
Берер ем жүрегімді беске бөліп.
Артыма қайта-қайта бұрыламын,
Мың айтып тауыса алмадым ғұмыр әнін.
Сынығын жинастырып біте алмадым
Қолымнан түскен алтын құмыраның.
Алты үнмен бірдей шыққан алты мақам,
Мұң ба едің, арман ба едің халқыма тән?
Ауылда жерошақтың оты маздап,
Тербелді ай астында алтыбақан.
Қойылған әсем мүсін көрмедегі,
Құйылған тегеурінді термелері,
Ақ берен домбырасын сабаласа,
Қос қолы қанат болып сермеледі.
Дұшпаным орға жығар жанымда жүр,
Мадақтап, көтеріп қой сен де мені.
Моншағын мойыл көздің ілестіріп,
Жүйткімей жылдар жатыр жүрексініп.
Дірілдеп бәйшешекті іздеп жүрмін,
Қаңтардың қалың қарын сірестіріп.
Армысың, қаңтарымның қалың қары,
Бар ма екен жоғалтқаны, табылғаны?
Біз күткен келе ме деп жақсылықтың
Ашылмай жатыр білем адымдары.
Шүпілдеп айдың нұры таудан асқан,
Қалың ел жанымда жүр қаумаласқан.
Халықтың махаббаты күш құйғанда,
Кеудемде найзағайлы аунады аспан.
Белгісіз жылағаны, күрсінгені,
Пойыздың дөңгелегі дүрсілдеді.
Қырық қыз атқа отырған Нөкіс жаққа
Сен неге ертіп кетпей жүрсің мені?
Шаршатып кетті білем, талықсыдым,
Тірліктің тұңғиықты тылсым демі.
Құлақта сұлу қыздың үні қалып,
Жүректің жасын жұттым ыңыранып.
Мақамың мың иректі аман болса.
Өмірдің бояуының түрі қанық.
Беу, құсым, іздей бердің жоқты неге,
Базарым бастан ерте өтті деме.
Қолтыққа қысып қалың дастандарды,
Қойнына қара түннің көп түнеме.
Қолтыққа қысып қалың дастандарды,
Шайқалып жер бесік пен аспан қалды.
Жырменен тербетуге келдің бе, сен,
Толықсып толған айды тосқандарды?
Ауыл бар ай астында ең керемет,
Айтылар ай астында терме керек.
Аяулы арманымды тербетемін,
Туған ел, бесік болған жерге бөлеп.
Амалсыз арна таптым аз ағыстан,
Тербетіп сағымдардың сазы алыстан.
Батырлар жырын қайта қолына алды
Жоқ болып кете жаздап Қазақстан.
Асық боп жырын қайта қолына алды,
Ғашық боп жырын қайта қолына алды,
Өйткені ол бабалардың рухыменен
Қиссалар парағында жолыға алды.
Тоғыз қат торқа көзін тесіп шығып,
Жолынан өрмекшінің торын алды.
Гүл терген Гүләйім қыз гүл бақтағы,
Үкісі төбесінде бұлғақтады.
Көмілген құяғыма құямысың
Әніңді күміспенен сырлап тағы?
Ақ апа, өнерлісің, зиялысың,
Жыраудың Тілеужандай тұяғысың.
Ғибратын бабалардың тыңдағанда,
Жас өрен ерсі қылған тияды ісін.
Мұнарлы дауысыңмен мұнаралы
Қазақтың маңдайына сиямысың?
Даусыңды көп адамдар көпсініпті,
Елеңдеп көп іздепсіз көпшілікті.
Үкілеп сүйген жарын үйде ұстаған,
Әдет қой қанға сіңген ескілікті.
Қойшы оны, жыр тыңдайтын мезгіл келді,
Көгілдір терезеден кеш кіріпті.
Етегі көк көйлектің көлкілдеген,
Жеңдері ақ көйлектің желкілдеген.
Бұлттардың тасасынан шыға келген
Көркем қыз, күндей болды көркің неден?
Аппақ қыз, айдай болды көркің неден,
Домбыра сағасысың шертілмеген.
Ғашықтық лебін жұтып өртенгендер
Басады жүрегінің өртін немен?
Толғауды толқып Сізге арнағанда,
Жарқырап атың тұрсын бар бағанда.
Жүрегің тоқтамасын, дүрсілдесін,
Шиырлы жолың кетсін әр ғаламға.
Кеңейген домбыраның көмекейі
Бекерге зар төкпейді сарнағанда.
Жүрегің тоқтамасын, дүрсілдесін,
Қалың ел жоғалтып ап күрсінбесін.
Ағайын, бауыр, туыс сені сүйіп,
Сапарда аман-есен жүрсін десін.
Жол деген жырдан ғана басталады,
Ал, кәне, жыр бастамай тұрсың несін?
Ал, кәне, жырды баста, жолды баста,
Артымда сұрғылт күндер қалды басқа.
Шырылдап мойыл көзі толды жасқа,
Себелеп су берейін қарлығашқа.
Үніңде дірілдеген өксік барда,
Бәйшешек қылтимайды көпсік қарда.
Жылғаға ілестіріп жібер мені,
Егілген жүрек даусын естіп бар да.
Жеті рет тарқатылып, жеті өріліп,
Үн кетті аспан жаққа көтеріліп.
Тамылжып тұнық кеште тұрған дүние,
Тамсанды таңдайына шекер іліп.
Биледі, ирелеңдеп білек кетті,
Дүрсілдеп дүбірлеумен жүрек кетті.
Сарғайған сағынышым сары тап боп,
Санамда мың сан жылдар түнеп кепті.
Шілде айы жидегінің шешті бәрін,
Қаңтарым қар еліне көшті қалың.
Думанды дүниеде дүр сілкініп,
Жарқылдап жанарларда өсті жалын.
Қайтеді желмен бірге ентікпесең
Жатқанда дауысыңа елтіп көшем.
Жылғалар жылжып аққан жылап қалар,
Көктемін көңіліңнің көлкітпе, сен.
Жылғалар жылжып аққан жылап қалар,
Өйткені бұлаң қаққан бұлақ та бар.
Тартылған тарау-тарау тарамменен
Тағатым қайда барып тұрақ табар?
Тартылған тарау-тарау тарамменен,
Әлпешті әлди күтті әр ән менен.
Кішкентай аралдардан көп іздедім,
Қайда екен Барсакелмес барам деген?
Кішкентай аралдардан көп іздедім,
Теңселген тереңдегі теңіз демін.
Қалқытты тұңғиықтың аппақ гүлін
Айнадай жарқыраған егіз көлім.
Не деймін, күндер жүдеп, жыл тарықты,
Тымырсық тұншықтырып тұр халықты.
Таңдарға түннен тілек жолдап жүрдік,
Тағдырдан тірлік сұрап бір қалыпты.
Айтулы ақын болып кетер едім,
Барлығы маған дейін жырланыпты.
Жұмсарып көлбіреген көк пен жерден,
Нұрланып көгілдір түс көктем келген.
Жолдадым жолдарменен аққу әнді,
Оралып Орал жаққа өткелдермен.
Жолдадым жолдарменен аққу әнді,
Бұрқырап бау бусанып, бақ қуанды.
Сирень тал сирек гүлге себеледі
Гүләйім қызға ұқсаған Гәкку әнді.
Жарқылдап жанарымнан жалын ұшты,
Аңырап ақ жаңбырдың ағыны ішкі.
Өзгерген өң мен түстің арасында
Сарғайған ғұмыр кештім сағынышты.
Айт, жырау, жырла тағы, тұрып қалма,
Төріне жүректердің күліп бар да.
Жылатып домбыраңды сен сөйлесең,
Сыңғырлап кілт түседі құлыптарға.
Айт, жырау, Асан қайғы мұңын қосып,
Сарнаған қара қобыз үнін қосып.
Самсатып төбесіне шам жаққанмен,
Ел отыр ескі шақтың күнін кешіп.
Отырған тас қыран ба ең тұғырыңда,
Тас қыран болу лайық ғұмырыңда.
Жұмсарып жанарыңда сәуле қалды,
Жұтылып бір үн кетті жұмырыңда.
Табылар қайда барсам жан рақаты,
Алланың рақат жайлы бар ма хаты?
Түнедім қара түннің қолтығына,
Мөлдіреп екі көздің қарақаты.
Жұтылған жұмырыңда үнді шығар,
Шайқалсын шың басында күллі шынар.
Жазудай ирек ирек тасқа сызған
Даусыңда өткен күннің үлгісі бар.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі