Менің жаным ән тұнған, бұлақ тұнған – Шәмшия Жұбатова

Бұл бетте «Менің жаным ән тұнған, бұлақ тұнған» атты Шәмшия Жұбатова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 15.01.2022
  • 0
  • 0
  • 1001
Менің жаным ән тұнған, бұлақ тұнған,
Көкірегін ояттты бұлап құмнан.
Алқымына симаған ару шабыт
Бозбаланың қолынан гүл ап тынған.
Қайта-қайта алақан шапалақтап,
Менің сұлу таңдарым атады аппақ.
Бір жылы ағыс тербеліп тұрады да,
Көлге қайта жүгірер қаталап қап.
Алашұбақ шаң тұрған, жел ысқырған,
Мазасыздық көремін тегіс қырдан.
Отты ағыстың ып-ыстық серпінімен
Ет жүрегім солқылдап, көп ышқынған.
Көп жүздестім ортамен, астанамен,
Тапқан кезде жүрегім баспана кең.
Тарлан өмір тәкаппар қалпында тұр,
Қайда әкеттің, аяулы, асқақ әлем!
Жылдам ұшқан зымырап зымыран жыл,
Рақат кештім зырғыған нұрынан бір.
Масайраған мамыр кеш манаурады
Майса қырға жауғанда жылы жаңбыр.
Төгіліп сыр жатады қай көңілде,
Қиялың кеткенде ұшып аймен мүлде.
Жаңбыр күн тамшы болып қала барды
Ғұмырдың кір қонбаған әйнегінде.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері