Менің мылқау махаббатым – Әлия Дәулетбаева

Бұл бетте «Менің мылқау махаббатым» атты Әлия Дәулетбаева жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 16.01.2022
  • 0
  • 0
  • 1778
Менің мылқау махаббатым,
Қалайсыз?..
Қалай жүрсіз менсіз, мұңсыз, арайсыз.
Болмысыңды сүйген едім бөлек деп,
Ал сіз жақтан соғып өтті жел өкпек.
Біздің жайды жатыр дейсің кім біліп,
Ми қарыған бір сағыныш, мың күдік.
Жанарың-ай үмітсіз һәм шаршаған,
Жанарым-ай жылуыңды аңсаған.
Не күтемін енді сізден, жарығым,
Сыйлағаның шаттық емес, бәрі мұң.
Көздеріңді көрмесем ғой, көрмесем,
Басқа шуақ, басқа нұрға шөлдесем.
Сізді тастап кетсем сосын мәңгілік,
Бір бақытқа мас боп жүрсем әңгүдік.
Қызғаныштан ойнаса ғой қаныңда от,
Қайтем, сізбен енді арбасар әлім жоқ.
Ей, меңіреу махаббатым,
Қалайсыз?
Қалай жүрсіз жырсыз, күнсіз, арайсыз...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері