Куликов даласында
(аударма)
1
Шалқар өзен баяулап мұңды ағады,
жуады жағажайды.
Шөмелелер томсарып жылғадағы
басқандай нала-қайғы.
Орыс елі! Сүйіктім, жарым менің!
Тыншытпай жат ұраны,
Татарлардың оғынан жанып жерім,
қабырғаң қақырады.
Дала жолы - біздің жол мұнар басқан.
Ол мұнар - мұңды жаның.
Қауіпті емес мен үшін тұманды аспан –
сені ойлап тұнжырадым.
Мейлі дала орансын көк түтінге,
Алаудан жалын ұшып,
Ханның болат семсері отты түнде
жарқылдар шағылысып...
Ұрыс - мәңгі! Тыныштық түске енеді
қан мен шаң арасынан.
Кернегенде намыс пен күш денені,
қалмайды шама-шыдам.
Жарау аттар күткендей жорықты алдан
зулайды самғап өктем.
Бұлт та қашып барады қорыққаннан,
көкжиек қанға бөккен.
Сорлы жүрек, малынып қара қанға,
еңіре зарлап тұрып.
Тыныштық жоқ!
Арғымақ ағады алға
даланы шаң қаптырып.
2
Тұрдық дала төсінде. Түн қараңғы.
Жер де мұңды, қалғандай сағы сынып.
Өзен жақта жаңғыртып жылғаларды
шыңғырады аққулар жаны шығып.
Өртенеді аппақ тас жолымызда,
анталаған дұшпандар - арғы бетте.
Қасиетті біздің ту қолымызда
желбіремес ешқашан таңғы лепке.
Досым отыр тұқыртып жерге басын:
«Қылышыңды қайрай бер, - деді маған.
жазу үшін жау салған ел жарасын
өлу керек,
қалсын тек жерің аман».
Отан жаны жаралы, егілулі,
құрбан болған елі үшін жандар аз ба?!
Сүйікті жар, еске алып серігіңді
дұға еткейсің шіркеуде таң намазда!
3
Мамай шапқан даланы, қамалды да
мұнарлы түн есімде...
Тұрдық сонда екеуміз қараңғыда –
далада - білесің бе?
Дон бойында бұрқанып ағысы жан
шошытар, үңілсе кім.
Аққулардың мұң толы дауысынан
естілді үнің сенің.
Аттануға дұшпанға шынжыры қан
әскерлер құлшынады.
Естілгендей үзеңгі сыңғырынан
анамның сыңсығаны.
Түнгі аспанда қыран кұс құрыш тұлға
шарықтап самғады әрі.
Сәулесі орыс жерінің
ұрыстарда
князьға жар болады.
Непрядва сұрланып салқындады,
жасырды дала нұрын.
Жау жақ бетте қырандар шаңқылдады –
бастады жаман ырым.
Өзен үстін қымтаған мұнарланып
ішінен ақ тұманның
келе жаттың сен маған сылаң қағып
еске сап шақты балғын.
Ақ күмістей толқын боп жарқылдадың
досымның семсерінде.
Мен құлшындым қызынып салқын қаным,
жеткендей еңсе күнге.
Қаптағанда жау-татар, таң шағында
айқастым, шегінбей мен.
Тұрды сонда жарқылдап қалқанымда
өшпейтін сенің бейнең.
4
Тағы да мәңгі мұңымен
бетеге жерге жабысқан.
Тағы сен аққу үнімен
шақырдың мені алыстан.
Қырдағы құлан-жылқының
үйірі кетті шығандап.
Арандай ашып құлқынын
татарлар шықты ұрандап.
Мен тұрмын мәңгі мұңыммен,
қасқырдай торға қамаған.
Білмеймін, қайтсем, күнім, мен
қай жақтан сені таба алам.
Тыңдаймын семсер сыңғырын,
ұранды шуын татардың.
Жатқандай жанып қыр бүгін,
туғанда бізге қатал күн.
Толқынын жұтып қайғының
ақбоз ат мініп келем мен.
Басқандай нұрлы Айды мұң,
бұлттар да көше жөнелген.
Жарақат толы жанымнан
үмітті сәуле өріліп,
Шарпылып отты жалыннан
кетеді қайта төгіліп.
Келсеңші, шаттық, тағы да ән –
жарқ етсін менде ай-жанар.
Жел есіп аттың жалынан,
шатырлап жатыр найзалар.
5
Тағы да дала қымтанып
түн құшты, шуақ сәт қалмай.
Шапақты Күнді бұлт алып,
сүйретіп бара жатқандай.
Тымырсық түнек алқымдап
біткендей ұрыс - отты күн.
Найзағай семсер жарқылдап
айқасып жатқан жоқ бүгін.
Ал бірақ бәрі есте әлі
бұрқанған асау күндердің:
аққулар үні, кеш - бәрі,
алысып жаумен жүрген күн.
Жүректер тыншу табар ма,
торлады бұлттар әлемді.
Күн туды, міне, саған да –
иманыңды айтып қал енді!
***
АЛЕКСАНДР БЛОК
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі