Елге арнау – Фариза Оңғарсынова

Бұл бетте «Елге арнау» атты Фариза Оңғарсынова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 19.02.2022
  • 0
  • 0
  • 2257
Саясат – сайқал бір әлем,
жайдақ сөз, арбау, бұлтару.
Сүлдерін сүйреп жүр әрең
қорғаушым жалғыз – жыр-қару.
Жайым жоқ жүрер амал ғып,
жанымның жетеді жарасы.
Саясат пенен адалдық –
өзеннің екі жағасы.
Сенімді сезу – маған жүк,
жансауғаласам, кеш, қауым:
Саясатым менің – адалдық,
жалтақтық – бітіспес жауым.
Құлағын салар басшы кем,
шындығыммен ғана мықты едім.
Жауын-шашынның астымен
күнелтуді менен күтпе, елім!
Жылмаң ортамен жұғыспан,
жүдеулерді жасқап жерлесе.
Жасымнан жаным ұғысқан
шындығыма тарттым ендеше!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері